13 желтоқсан күні сағат 15.00-де, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Елбасы кітапханасында «Қазақ елі – Мәңгілік ел» тарихи көріністердің шеруі өтеді.
«Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуындағы Н.Ә.Назарбаевтың саяси бастамалары» жобасының білім беру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шараны Елбасы кітапханасы өскелең ұрпақты патриотизмге, туған елдің мәдениеті мен тарихын қастерлеуге баулу мақсатында Астана қ. Білім беру басқармасымен бірлесе ұйымдастырып отыр.
«Қазақ елі – Мәңгілік ел» тарихи көріністер шеруінде №№ 49, 68, 76, 79 мектеп-лицей оқушылары «Алтын адам туралы аңыз», «Түркі әлемі», «Отырар апаты», «Қазақ хандығы», «Алаш зиялылары» атты костюмді қойылымдарды ұсынады. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жерін қорғаған ұлы бабаларымыздың ерлігі негізінде шараға қатысушылар сақ дәуірінен тәуелсіз республикаға дейінгі орын алған тарихи оқиғаларға ортақтасуға мүмкіндік алады.