Елбасының кітапханасында сандық технологиялардың рөлі талқыланады

28 маусым күні сағат 10:00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігімен бірлесе «Энергетикалық сектордағы сандық технологиялардың рөлі және оның Қазақстанның экономикалық трансформациясына әсері» атты халықаралық конференция өткізеді.

Конференцияның басты спикері – Германиядағы «General Electric» мемлекеттік органдарымен байланыстар кеңсесінің басшысы, доктор Вольфганг Диркер (Wolfgang Dierker). Доктор Диркер Берлиндегі Қолданбалы ғылымдар университетінде экономика және саясат ғылымдарынан дәріс оқиды, сондай-ақ «Historiker in Berlin» қоғамының негізін салушысы мен жетекшісі.

Доктор Диркер қазақстандық аудиторияға өзінің «Өндірістік интернет – энергия көздерінің қайта жандануы мен тұрақты өсім мүмкіндігі» баяндамасын ұсынады.  

«Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қорының («Almaty TechGarden») бас директорының орынбасары Асқар Сембин Қазақстан тарапынан «Сандық технологиялар кезеңіндегі Қазақстан экономикасын индустрияландыру» тақырыбы бойынша баяндама жасайды.

Шараға Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің кәсіби бөлімдерінің жетекшілері, Қазақстан Республикасының СІМ және басқа мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және мемлекеттік емес ғылыми-талдау құрылымдарының, дипломатиялық миссиялардың, Астана қаласының жоғарғы оқу орындарының өкілдері қатысады.

Конференция дәстүрге айналған ашық пікірталас форматында өтеді, қатысушылар баяндама жасайтын сарапшыларға кез-келген сұрақ қоя алады.

Конференцияға қатысуға экономика, энергетика, технологиялық секторда жұмыс істейтін мамандар мен зерттеушілерден тапсырыс қабылданады.