2016 жылғы 1 қыркүйекте сағат 11.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Мен туған елімнің патриотымын» тақырыбында білім сабағы өтеді.
Білім күніне арналған шараға елордалық мектептердің 70 оқушысы қатысады. Сабақ барысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылында қол жеткен жетістіктер паш етіліп, елімізді дамуға жетелейтін «Мәңгілік ел» патриоттық актісі кеңінен талқыға салынады.
Оқушылар Елбасы кітапханасындағы интерактивті үстелдердің көмегімен Мемлекет басшысының жаһандық бастамаларымен және идеяларымен, Отанға деген сүйіспеншілігін өнегелі ісімен дәлелдеген тұлғалардың өмірімен танысады. Олар еліміздің тарихынан сыр шертетін түпнұсқалық құжаттар, бірегей суреттер ұсынылады. Жастарға отансүйгіштіктің негізін ашатын «Білім.Тірек. Мәңгілік ел» тақырыбында деректі фильм ұсынылады.
Дәл осы күні сағат 13.40-де мемлекеттік басқарудың, экономика мен әлеуметтік дамудың канадалық тәжірибесін қолдануға бағытталған салыстырмалы зерттеулер бойынша «Қазақстанда канадалық модельдерді қолдану» тақырыбында қазақстандық-канадалық конференция өтеді. Келелі шараға Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Шон Перри Стайл қатысады.
Конференция жұмысы «Мемлекеттік басқару аясындағы канадалық тәжірибе» және «Экономикалық өсімнің және қоршаған ортаны қорғаудың канадалық модельдері» атты екі секция бойынша өтеді. Онда қазақстандық-канадалық ықпалдастықтың өзекті мәселелері, мемлекеттік қызметтің құрылымы, қауіпсіздікті нығайту және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мәселелері кеңінен талқыға салынады.
Конференциядан кейін барлық меймандар Семей полигоны жабылуының 25 жылдығына және Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған екі көрмені тамашалап, талай жылдар құпия саналған құжаттардың тарихымен танысады. Бірегей тарихи материалдарды қыркүйек айының соңына дейін Елбасы кітапханасында тегін тамашалауға болады.