2016 жылғы 1 қыркүйекте сағат 11.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Мен туған елімнің патриотымын» тақырыбында білім сабағы өтеді. Шара Астана қаласының Білім басқармасымен бірлесе өткізіледі.
Білім күніне арналған сабаққа елордалық мектептердің 70 оқушысы қатысады. Сабақ барысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылында қол жеткен жетістіктер паш етіліп, елімізді дамуға жетелейтін «Мәңгілік ел» патриоттық актісі кеңінен талқыға салынады.
Оқушылар Елбасы кітапханасындағы интерактивті үстелдердің көмегімен Мемлекет басшысының жаһандық бастамаларымен және идеяларымен, Отанға деген сүйіспеншілігін өнегелі ісімен дәлелдеген тұлғалардың өмірімен танысады. Оларға еліміздің тарихынан сыр шертетін түпнұсқалық құжаттар, бірегей суреттер ұсынылады.
Астаналық оқушылар Семей полигоны жабылуының 25 жылдығына және Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған екі көрмені тамашалап, талай жылдар құпия саналған құжаттардың тарихымен танысады.
Экскурсиядан кейін жастарға отансүйгіштіктің негізін ашатын «Білім.Тірек. Мәңгілік ел» тақырыбында деректі фильм ұсынылады.
Семей полигоны жабылуының 25 жылдығына және Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған екі көрмені қыркүйек айының соңына дейін тегін тамашаалуға болады.