ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА ЖАҢА ЭКСПОЗИЦИЯЛАРДЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛЕДІ

2018 жылғы 12 желтоқсанда, сағат 17.00-де Елбасы кітапханасының музей ғимартында «Әлем халықтарының музыка аспаптары», «Қазақстанның спорттық даңқы» атты тұрақты тың экспозициялардың ашылу салтанаты өтеді. Олардың тұсауы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орайластырып кесілмек.

«Әлем халықтарының музыка аспаптары» тұрақты көрмесін құру идеясы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің аясында Музейде ұйымдастырылған көрме қонақтарының оң пікірі мен қызығушылығының нәтижесінде пайда болған. Аталмыш көрме қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығып, сұраныс тудырды.

Музыка аспаптарының жинағы Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа шет мемлекет пен үкімет басшыларының, халықаралық ұйымдар мен қорлардың, шетелдік делегациялардың, ел тұрғындарының тартулық сыйлықтарынан тұрады. Музей жинағындағы музыка аспаптарының коллекциясына қарапайым аспаптардан бастап, құрылымы мен музыкалық орындау мүмкіндіктері бойынша аса күрделі құралдар да кіреді. Олардың арасында үрмелі, шертпелі, ысқылы, ұрмалы және механикалық сынды музыка аспаптардың барлық түрлері кездеседі. Экспозицияға жалпы есеппен 35 жәдігер қойылған.

«Қазақстанның спорттық даңқы» тұрақты көрмесі Елбасы кітапханасы мен ҚР  Ұлттық олимпиада комитетінің ынтымақтастық жөніндегі меморандумы аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар қатарын жалғастырады. Олардың шымылдығын ағымдағы жылдың мамыр айында Елбасы кітапханасында ашылған «Қазақстандағы Олимпиада қозғалысы» тұрақты көрмесі ашты.

«Қазақстанның спорттық даңқы» экспозициясында Мемлекет басшысына отандық, шетелдік спортшылардың тарту еткен сыйлықтары, Елбасының жеке архивіндегі құжаттар, ҚР Ұлттық олимпиада комитеті ұсынған материалдар мен спортшылардың жеке заттары ұсынылған. Жәдігерлердің қатарынан келушілер В.Жиров пен М.Мәзімбаевтың белбеуін, А.Винокуровтың велосипеді мен киімін, саяхатшы-байкер Д.И.Петрухиннің сыйлықтарын көре алады.