Елбасы кітапханасында «Назарбаев моделі» кітабының тұсаукесері өтеді

 2016 жылғы 7 желтоқсан күні сағат 10:30-да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасының Талдау орталығы «Назарбаевтың моделі» кітабының тұсаукесерін өткізеді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған жаңа туындының авторлары – Махмұт Қасымбеков, Бақытжан Темірболат, Тимур Шаймергенов.

Шараға Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесі өкілдері, мемлекет және  қоғам қайраткерлері, сарапшылар, ғалымдар мен ақын-жазушылар, жоғары оқу орындарының студенттері қатысады.

Жаңа көзқараспен, үлгімен, тәсілмен ерекшеленетін жаңа кітапта Қазақстанның ширек ғасырдағы мемлекеттік құрылысына басқарушылық талдау жүргізуге талпыныс жасалған. Авторлар күрделі ішкі және сыртқы жағдайда дамудың даңғыл жолына түскен жас мемлекетті басқарудың нәтижелі жүйесін «Назарбаев моделі» деп атайды. Бұл мемлекеттік құрылыстың маңызды кезеңдерінде, Елбасының стратегиялық реформаларында, маңызды шешімдері мен бастамаларында кешенді түрде көрініс тауып отыр.

Тәуелсіздіктің мерейлі белесіне арналған құнды кітаптың алғашқы даналары жиынға қатысушыларға тарту етіледі.