«ДИПЛОМАТТАР – ӘЛЕМ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ТАҚУАЛАРЫ» КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУ

2018 жылдың 30 қаңтарында сағат 17.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында (Назарбаев орталығы ғимараты) халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күніне арналған «Дипломаттар – әлем халықтарының тақуалары» көрмесінің ашылу рәсімі өткізіледі. Көрме Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы аясында Израиль мемлекетінің Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылып отыр.

Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күні 2005 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясының резолюциясымен бекітілді. 1945 жылғы 27 қаңтарда Освенцим ажал лагері кеңес әскерлерінің күшімен азат етілді. Бұл күн жыл сайынғы халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күні болып табылады.

Аталмыш көрме өз өмірлеріне төніп тұрған қауіпке қарамастан Холокост қырғынынан еврейлерді құтқаруға атсалысқан «Әлем Халықтарының Тақуалары» есімдерін мәңгі есте сақтау әрі марапаттауға жауапты Яд Вашем (Yad Vashem) мемориалдық кешенінің ажырамас бөлігі болып табылады.

2017 жылдың соңында Яд Вашем тізімінде Әлем Халықтарының Тақуалары болып танылған 27 мың адамның есімі жарияланды. Олардың арасында жазықсыз адамдарды құтқару жолында ұйғарым мен ресми нұсқаудан бас тартқан дипломаттар да болды. Олардың кейбіреуі ақыр соңында жұмыстан босатылып, еврей жұртына қол ұшын бергені үшін өз беделінен айрылды.

Көрме материалдары Әлем Халықтарының Тақуалары атағымен марапатталған дипломаттар туралы ақпаратты қамтиды, сонымен қатар Холокост кезіндегі үрейлі жылдары қандай жағдайлар орын алғанын баяндайды.

«Дипломаттар – әлем халықтарының тақуалары» көрмесі 2018 жылдың 16 ақпанына дейін жалғасады

 

Мекенжайымыз: Астана қаласы, Ә. Бөкейхан көшесі, 1.