«БОЛАШАҚТЫҢ ЭНЕРГИЯСЫН ҚАРСЫ АЛАМЫЗ!» ҚОР КӨРМЕЛЕРІНІҢ ТОПТАМАСЫ

2017 жылдың 30 мамыры 17.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге арналған «Болашақтың энергиясын қарсы аламыз!» қор көрмелері топтамасының ашылуы өтеді.

Қор көрмелері «Музей жинақтары» музейтану бағдарламасының аясында әлемдік тарихи-мәдени мұраның ажырамас бөлігі болып табылатын қазақ мәдениетінің ғажайып үлгілерін көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Ұсынылған топтамалардың құндылығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың еліміздің заманауи мемлекеттілік тұжырымдамасын қалыптастырудағы әлемдік қауымдастықпен конструктивті ынтымақтастық құруының негізіндегі қызметінің нәтижесін көрсетеді.

Ауқымдық іс-шарада музей қонақтары үш қабатқа орналасқан қор көрмелерімен танысады:

«Ұлы дала жауһарлары» (1-қабат. Баспасөз залының холлы) көрмесінде сәндік-қолданбалы өнер мен қазақстандық шеберлердің көркем шығармашылығының үлгілері, сонымен қатар музей жинақтарының басқа да заттарынан айшықталған Ұлы дала көшпелілер өркениетінің рухани және эстетикалық мұрасы көрермен назарына ұсынылады.

«Күмістің сұлу сыңғыры» (2-қабат) көрмесіне ұсынылатын күміс бұйымдар сол елге тән заттардың шығу тегін, әртүрлі техникада орындалуын, бұйымның пішінін көрсететін сәндеудің дәстүрлі тәсілдерін тереңірек түсінуге және зерделеуге мүмкіндік береді.

«Әлем халықтарының музыкалық аспаптары» (3-қабат) көрмесі алғаш рет қалың көпшілікке түрлі елдер мен дәуірдің музыкалық аспаптар топтамасын ұсынады. Музыкалық аспаптар мәдениет пен өркениет түрлерін тануға жол ашады.

4-қабаттағы Күмбезді залда Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетінің басшылары мен мұрағаты, олимпиада жеңімпаздарының жеке қорларының негізінде ұйымдастырылып, қалың көпшілікке алғаш рет ұсынылған тәуелсіз Қазақстанның спорттық жетістіктерін көрсететін «Олимпиадалық қозғалыс» көрмесі жұмысын жалғастыруда.

Елбасы кітапханасының музейі елорда қонақтары мен тұрғындарына «ЭКСПО 2017» жылында өз қорларының байлығы мен бар мүмкіншілігін паш етеді.

«Болашақтың энергиясын қарсы аламыз!» қор көрмелерінің топтамасы 2017 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады.