АСТАНА ТҰРҒЫНДАРЫ МЕН ҚОНАҚТАРЫН ЕЛБАСЫНЫҢ КІТАПХАНАСЫНА ШАҚЫРАМЫЗ

9 шілде күні Елбасының кітапханасында Астана күніне арналған онкүндік аясындағы мерекелік шаралар сағат 10:00-де басталып, 18:00-ге дейін жалғасады.

Тапқырлықты талап ететін шахмат ойынына ниет білдіргендер сағат 11-ден бастап қатыса алады. Жарыста бақ сынағандар арасында үздіктер анықталып, арнайы естелік сыйлықтармен марапатталады.  

Тарихи кітаптарды және көптеген алпауыт мемлекеттер Президенттерінің, танымал тұлғалардың қолтаңбасы бар суреттерді, мұрағат құжаттары мен фотодеректердің 5 көрмесін тамашалауға болады: «Елбасы Әлемі: Тұлға. Саясаткер. Жасампаз», «Естелікке қолтаңба», «Астананың болашағы – балалардың көзімен»,  «Еуразия жүрегінде», «Абыройы асқақтаған Астана».

Кітапханадағы тарихи жәдігерлермен робот-гид те таныстырады. Қаламыздың кез келген тұрғыны және мейманы «Айдостың» экскурсиясын тыңдай алады. Робот ниет білдіргендер үшін зияткерлік викторина өткізіп, сауалдарға мүдірмей жауап бергендерге сертификат табыстайды.