Астана күніне орай мерекелік онкүндік ашылды

Елбасының кітапханасында «Ашық есік күндері» мерекелік онкүндігі өтуде. Шара Астана күніне орай ұйымдастырылған.

Онкүндіктің бағдарламасында Астана күніне орай ұйымдастырылған көрмелер бойынша экскурсиялар, Әлем чемпионы, халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың шеберлік сағаты, екі мәрте әлем чемпионы, «ҚР тоғызқұмалақ спорт федерациясы» ЗТБ атқарушы директоры Серік Ақтаевтың тоғызқұмалақ бойынша жарыс және шеберлік сағаты, Қазақстан Республикасы Журналистері одағының мүшесі Александр Пархоменконың фотошеберлік бойынша дәрісі өтеді.  

Мейрам күндері Кітапханада 5 көрме ұйымдастырылады. Олардың қатарында «Елбасы Әлемі: Тұлға. Саясаткер. Жасампаз» және «Естелікке қолтаңба» атты мұрағат құжаттарынан тұратын фотодеректер жинақталған көрмелер.  

«Астананың болашағы – балалардың көзімен» тақырыбындағы балалар суретінің көрмесінде байқау қорытындысы бойынша ең үздік жұмыстар паш етіледі. Сонымен қатар меймандар «Еуразия жүрегінде» фото көрмесімен және «Абыройы асқақтаған Астана» кітап көрмесін тамашалай алады.

3,4,6 және 10 шілде күндері Кітапхана қабырғасында Кино күндері өтеді.  Оның барысында «Елбасы жолы»  киноэпопеясының фильмдері көрсетіледі. Көрсетілім уақыты: 10:00; 15:00

Онкүндік барысында бұқаралық мәдени-спорттық шаралар жоспарланған: суретшілердің, фотографтардың, шахматистердің шеберлік сағаттары, әдеби және музыкалық кездесулер.

Онкүндік шілденің 1-нен 10-на дейін жалғасады.

Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасына шақырамыз.

Кіру тегін!