«Астана – Қазақстан бірлігі мен тәуелсіздігінің нышаны» жаңа экспозициясы ашылады

2017 жылдың 17 ақпанында сағат 17.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында (Бейбітшілік көш., 11) бас қаланың Алматыдан Астанаға көшірілуінің 20 жылдығына арналған «Астана – Қазақстан бірлігі мен тәуелсіздігінің нышаны» тақырыбында жаңа экспозиция ашылады.
Бас қаламыз жайлы сыр шертетін аса құнды жәдігерлер мен мұрағат құжаттарының «Алтын» залында орналасуы тегін емес. Онда 1998 жылы Астана құрылысының эскиз-идеясына жарияланған ашық халықаралық конкурстың жеңімпазы Кисё Курокава өзінің жобасын таныстырды. Сонымен қатар дәл осы залда қала құрылысының бас жоспары қабылданған.
Экспозиция төрт тақырыптық бөлімнен тұрады: «Қазақстан астанасының Алматыдан Ақмолаға көшірілуі – Қазақстанды жаңғыртудағы жүйелі реформалардың маңызды бөлігі»; «Астананың қалыптасуы мен дамуындағы Н. Ә. Назарбаевтың рөлі»; «Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуы»; «Қазақстан астанасының халықаралық беделі». Ұсынылған жәдігерлер Астананың 20 жылдық тарихына, жетістіктері мен жеңістеріне тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. .
Негізгі экспозицияны Қазақстанның бұрынғы астаналары туралы ақпараттар топтамасы ашады.
Президенттің Астанадағы алғашқы резиденциясындағы жаңа экспозиция тұрақты сипатқа ие болмақ.

Кіру тегін.
Мекенжайы: Астана қ., Бейбітшілік көшесі, 11.