2017 жылғы 16 наурызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында (Бейбітшілік к-сі, 11) «Art Sapar I/Astana» көрмесі ашылады және мүсін және бейнелеу өнері бойынша шеберлік-сыныптар топтамасы өтеді. Оның аясында «Art Sapar of Kazak Eli» жас суретшілердің жылжымалы көрмесі жобасының бірінші кезеңі өзінің мәресіне жетпек.
«Art Sapar of Kazak Eli» жылжымалы көрме жобасына 2013 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері бастамашылдық танытқан. Оның басы-қасында суретші Анар Әубәкір бастаған жас талантты суретшілер тобы болды.
Жоба авторларының ішінде кескіндеме және графиканы Анар Әубәкір, Ғалия Төремұратова, Алмас Нұрғожаев, Али Закир, Қадыр Мақсұтқан, Мөлдір Сағындықова; мүсінді Талғат Жұмағұлов, Бағдат Сарсенбиев, Жанна Нүгербек, Данияр Сарбасов; сәндік-қолданбалы өнерді Наталия Баженова, Бауыржан Досжанов, Гүлмарал Татибаева ұсынады.
Әр автор өзінің жеке дүниетанымын және әлемге деген көзқарасын білдіруге тырысқаны анық байқалады. Бірақ барлық жас қылқалам шеберлерін белсенді өмірлік ұстаным және жақсылыққа деген ұмтылыс біріктіреді. Олардың көпшілігі Қазақстан тарихындағы көркемдік бейнелер мен бай дәстүріміздің мәдени бастауларынан шабыт алады.
«Art Sapar» көрмесі 2017 жылдың 29 наурызына дейін жалғасады.
Ашылу рәсімінің бағдарламасы:
16.00. – Шеберлік-сыныптар: кескіндеме бойынша Анар Әубәкір және мүсін бойынша Данияр Сарбасов;
17.00. – «Art Sapar I/Astana» көрмесінің салтанатты ашылуы.
Кіру тегін.
Мекенжайы: Астана қ., Бейбітшілік көшесі, 11.