АҢДАТПА. ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТАРҒА ҚАРСЫ КҮРЕСТІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КҮНІ

29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы күрестің халықаралық күні. Атаулы күнді бекіткен Біріккен ұлттар ұйымы бас ассамблеясының қарарын Қазақстан 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонының жабылуына орай ұсынған болатын. 

Ядролық сынақтарға қарсы күрестің халықаралық күнін әлем 2010 жылы алғаш атап өткен еді. Сол күннен бері жылда ядролық қарудан азат әлемді қалыптастыруға жағдай жасайтын симпозиум, конференция, көрме, конкурс, дәріс, ақпараттық бағдарлама сынды көптеген іс-шараларды өткізу дәстүрі қалыптасты.

Бұл істе ылғи белсенділік танытатын Елбасы кітапханасы Семей ядролық полигонының жабылуы мен Ядролық сынақтарға қарсы күрестің халықаралық күніне орайластырған іс-шараларын биыл онлайн үлгіде ұйымдастырмақ.

Мекеменің ресми сайтында 27 тамыз күнітұсауы кесілетін бейнетур қазақ жеріндежүргізілген ядролық сынақтарға қарсы күрестің тарихынан сыр шертіп, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың батыл бастамасының мәніне тоқталады. Көрермендер «Н.Ә. Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» экспозициясымен танысу мүмкіндігіне қол жеткізіп, ядролық қарудан бас тартып, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қозғалысына негізделген архив құжаттарын, фото, бейне материалдарды, музей жәдігерлері мен қор басылымдарын тамашалай алады.

28 тамызда Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердагулова Нұр-Сұлтан қаласының колледж педагогтарына арналған «Н.Ә. Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» вебинарын жүргізеді.