20 қараша күні сағат 12.00-де Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен және Халықаралық түркі мәдениеті ұйымымен (ТҮРКСОЙ) бірлесіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің қолдауымен түрік тілінде жазылған «N.A. Nazarbayev. Ulu Bozkirin mirasi» («Н.Ә. Назарбаев. Ұлы Дала мұрасы») кітабының тұсаукесеріне арналған халықаралық онлайн-конференция өткізеді. Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күніне орайластырылған.
Басылымда түркі әлемі және дала өркениеті тарихы мен дамуының негізгі бағыттарын қозғайтын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың көпшілік алдында сөйлеген түйінді сөздері мен баяндамалары ұсынылған. Кітап дала өркениетінің тарихи және рухани мұрасын жандандырудың, түркі мемлекеттері интеграциясының дамуының қазіргі заманғы үдерістері тұрғысынан өте өзекті әрі маңызды.
Онлайн-таныстырылымға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті –Елбасы Кеңсесінің Ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Ә. Қ. Тұрсынов, Түркия Республикасы Президентінің кеңесшісі Я.Топчу, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі М.Б. Тілеуберді, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А. Р. Райымқұлова, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қ. Қасейінов, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Ә.М. Рахымжанов, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары С.А. Раев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қ. Қыдырәлі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты Қ.С. Сұлтанов, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Әзербайжан Республикасы Парламентінің депутаты Н.Г. Джафаров, Анкара университетінің ректоры, профессор Н.Унувар, Гази университетінің ректоры, профессор М.Йылдыз, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, профессор Е.Б. Сыдықов және Йозгат Бозок университеті экономика факультетінің деканы, профессор К.Зорлу қатысады.