АҢДАТПА. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТА ЗАҢЫНА 25 ЖЫЛ

30 тамызда еліміз Конституцияның 25 жылдығын атап өтпек.

Конституция — мемлекеттің іргетасы. Ата заң беттерінде елдің даму стратегиясы мен міндет-мақсаты, құқықтық нормалары сипатталған. Ол – заңнамалық базаны құрайтын, мемлекет пен азаматтар арасындағы байланысты, сондай-ақ заңнамалық, атқарушы, сот билігінің қарым-қатынасын реттейтін заңды күші бар басты құжат.

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған болатын. Бұл күн мемлекеттің мереке ретінде жарияланып, Конституция күні болып бекітілді. Оның саяси, тарихи мәні егемен еліміз үшін зор.

Айтулы күнге орай Елбасы кітапханасы халық пен мемлекетті жетілдіріп, қоғамның конституциялық мәдениетін күшейтетін Ата заңның маңыздылығын пайымдауға бағытталған онлайн іс-шаралардың тұсауын кеспек.

27 тамызда Елбасы кітапханасының еріктілеріне арналған «Ата заң – тәуелсіздіктің тірегі» вебинары өтеді.

28 тамызда Елбасы кітапсының ресми сайтында Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы мен Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына орайластырылған «Шоқан Уәлихановтың сот реформасы туралы жазбасы» виртуал көрмесі ашылады. Оның аясында көрермендер белгілі қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың XIX ғасырдың екінші жартысында жазған құнды ізденісімен таныса алады. Бұл құжат – қазақ халқы құқығының тарихынан сыр шертетін құнды архив материалы.

Конституция күні мен Білім күніне орай 1 қыркүйекте астанадағы №6 мектеп-гимназия мен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларына арнайы «Ата Заң – елдігімнің негізі» республикалық онлайн-сабақ марафоны өтеді.