АҢДАТПА: ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫН МЕРЕКЕЛЕУ АЯСЫНДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ЖЕНЕВА ҚАЛАСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТКІЗІП, БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТТАРҒА ҚОЛ ҚОЯДЫ

2021 жылғы 30 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Женева қаласында (Швейцария) халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірқатар іс-шаралар мен кездесулер өткізеді. Басқосулар барысында жаһандық және өңірлік қауіпсіздікке, архивтік және тарихи зерттеулерге, сондай-ақ дипломатиялық әрі халықаралық қатынастарға қатысты салалардағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған құжаттарға қол қойылады.

30 тамызда – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат бастаған делегация Женева саясат және қауіпсіздік орталығы директорының орынбасары Кристина Орисичпен кездеседі. Басқосу аясында осы ұйымдар арасындағы ынтымақтастық  туралы Меморандумға қол қою жоспарланған.

Осы күні БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің Кітапхана мен Архивінің директоры Франческо Пизаноның, БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валоваяның және Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанованың қатысуымен кездесу жоспарланған. Жүздесу аясында ниеттестік туралы хатқа (Letter of Intent) қол қойылады.

31 тамыз күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына және Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орайластырылған «Қазақстан – БҰҰ: бейбітшілік жолындағы әріптестік» халықаралық конференциясы өтеді.

Конференция барысында «Ядросыз әлем жолында: Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары» атты ағылшын тіліндегі ғылыми жинақтың таныстырылымы өтеді.

1 қыркүйекте ЮНЕСКО-ның Женевадағы Өңірлік бөлімшесінің директоры Винсент Дефонимен кездесу өтеді.

Сол күні Женева дипломатиялық және халықаралық қатынастар мектебінің президенті, доктор Колум де Салес Мерфимен кездесу өтеді. Басқосу аясында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылады.