13 мамырда, сағат 17.00-де Елбасы кітапханасының музейінде (Ә.Бөкейхан к-сі, 1а) суретші Анар Әбжанованың «Алатау жауһарлары» атты жеке көрмесінің ашылусалтанаты өтеді.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы тұсында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының көркемдік мазмұны «қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор» қызғалдақтарға арналған жұмыстардың жарық көруіне мұрындық болды. Н.Ә.Назарбаевтың «өсімдіктер әлемінің жауһары» атаған Грейг қызғалдақтарының әсемдігі Анар Әбжанованы Іле Алатауына шыққан кезде таң қалдырған екен. Грейг қызғалдақтары бейнеленген жұмыстар циклі Регель, Колпаковский қызғалдақтарының суреттерімен толықтырылған.
Гүлдер бейнесі – сиқырлы қысқы және қалалық пейзаждармен қатар суретшінің шығармашылықтағы сүйікті тақырыптардың бірі. Тақырыптық көрме үшін автор отыздан астам жұмыстар дайындаған. Олар арқылы Анар шеберлігін көрсетіп қана қоймай, туған өлкесіне деген махаббатын, тағзымы менбейнелеген. Суретші шығармашылығы арқылы кең көрерменді табиғатты қадірлеуге, қорғауға шақырады.
«Алатау жауһарлары» көрмесі «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында арнайы өткізілмек. Аталмыш жоба үлкен серпінмен дамып келе жатқан еліміздің мәдени кодын құрайтын танымал авторлардың орналасқан туындыларын насихаттауға бағытталған. Бұл жұмыстардың барлығы Елбасы кітапханасының жинағына сақталған. Анар Әбжанованың «Әлем – арман қанатында» атты алғашқы жеке көрмелерінің бірі Елбасы кітапханасының алаңында, «Үкілі үміт» шығармашыл жастарды қолдау жобасы аясында өткізілген болатын.
Көрме аясында 15.00-16.00 аралығында Анар Әбжанованың шеберлік сыныбы мен автограф-сессиясы ұйымдастырылады.
Автор туралы:
Анар Әбжанова Mondial Art Academia халықаралық Француз өнер қауымдастығының мүшесі. Оған «Қазақстанның бүкіл әлемдегі елшісі» құрметті атағы берілген. Жұмыстары Қазақстан, Ресей, Италия, Швейцария, Франция, АҚШ, Жапония, Түркия, Венгрияның жеке коллекцияларында сақталған.
Ол 1986 жылы 18 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. Есту қабілеті нашар балаларға арналған бейнелеу өнері орталығында тәлім алып,Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының көркемсурет колледжін үздік бітірді. 2012 жылы кескіндеме бакалавры атанып, 2014 жылы «Өнертану ғылымдарының магистрі» академиялық дәрежесіне ие болды.
Анар Әбжанова жастайынан бейнелеу өнері бойынша республикалық және халықаралық конкурстарға қатысты. Нью-Йорктен Токиоға дейінгі жерлерді қамтыған оның жеңістеріне «ParaArtTokyo» күміс медалі (Токио), «Art Curated Award» байқауының жүлдесі (Сантьяго), «Factors of Visual Art» халықаралық бейнелеу өнері байқауының «Golden Eagle» алтын медалі (Нью-Йорк), Мәскеудегі «Дәстүрлер мен қазіргі заман» атты VI Мәскеу өнер фестивалінің «Жюрі қошеметі» арнайы жүлдесі, «Шығармашылық еркіндігі» халықаралық көрмелер конкурсының «Saint Michael» алтын медалі (Нью-Йорк), Сандро Боттичеллидің халықаралық жүлдесі (Флоренция), «EUROPA ARTE» Еуропалық өнер биенналесінің жүлдесі, «Пабло Пикассо» халықаралық жүлдесі (Лечче), ), «Алтын Адам» халықаралық сыйлығы (Алматы), II Халықаралық «Леонардо да Винчи - әмбебап суретші» сыйлығы (Флоренция), т.б. жатады.
2017 жылы Анар Әбжанова «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының «Мәдениет» номинациясы жеңімпазы атанды.