«АҚШ - ҚАЗАҚСТАН» ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТЕДІ

2017 жылдың 22 маусымында сағат  10:00-де  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «АҚШ - Қазақстан» тақырыбында жоғарғы деңгейдегі халықаралық конференция өтеді. Келелі жиын Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының дипломатиялық қарым-қатынастарына арналады.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Талдау орталығы, Қазақстан Республикасындағы Америка Құрама Штаттарының елшілігі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Конференцияның жұмысына ҚР-дағы АҚШ бұрынғы елшілері Джон Ордвей, Элизабет Джонс, Ричард Хоугланд, сондай-ақ Қазақстандағы АҚШ қазіргі елшісі Джордж Крол, Қазақстан тарапынан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, ҚР Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Азамат Әбдімомынов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс пен қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова, «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосов, т.б. мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар қатысады.

Конференцияда экономика мен сауда-саттық салаларындағы, жаһандық және аймақтық деңгейдегі, сонымен қатар  адами капиталды дамыту мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастық кеңінен талқыланады.

Конференцияға тіркеу таңғы сағат 9:00-де басталады. Ғимаратқа тек жеке куәлікпен кіруге болады. Рұқсатнаманы рәсімдеу мақсатында алдын ала келулеріңізді сұраймыз.

Мекенжайы: Астана қ., Ә.Бөкейхан көшесі, 10.