2017 жылғы 28 сәуірде сағат 10:00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында (Ә. Бөкейхан к-сі, 10) «Жастардың бейресми білімі» тақырыбында І Еуразиялық скауттық білім беру форумы өтеді. Келелі басқосуды Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік скаут қозғалысы ұйымы ұйымдастырып, Елбасының кітапханасы қолдау көрсетіп отыр.
Халықаралық деңгейдегі форумға әлемнің 16 мемлекетінен 150 адам қатысады. Олардың арасында Швеция, Швейцария, Франция, Португалия, Польша, Оңтүстік Корея, Малайзия, Жапония,Армения, Әзірбайжан, Белоруссия, Грузия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Молдова, Украина, Қырғызстан және басқа елдерден мемлекеттік органдардың және Дүниежүзілік скаут қозғалысы ұйымының өкілдері бар.
Форум барысында әлемде ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақтың бойында азаматтықты қалыптастыру, жастар арасында көшбасшылық пен еріктілікті дамыту, ХХІ ғасырда өмірлік және қоғамдық жетістіктерге қол жеткізуге қажетті негізгі құзыреттерді игеру бағытында қолданылатын заманауи инновациялық әдістер ұсынылады және кеңінен талқыланады.
Форум аясында Қазақстан скауттары өздерінің «Мәңгілік Ел» құндылықтары негізінде Қазақстан Республикасы жас азаматының мінезін қалыптастыру» бағдарламасын көпшілік назарына ұсынады. Бұл құжат 11-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған.
Стратегиялық жоспар бойынша Бағдарлама елдің қаржы-экономикалық, ғылыми, білім беру, әлеуметтік-саяси, мәдени және рухани қорын жетілдіруге қабілетті ұрпақты тәрбиелеуді қамтамасыз етеді. Оған сәйкес тәуелсіз, мақсатқа ұмтылған, өмірлік қиындықтар мен күйзелістерге төтеп беретін жастардың қатары артады.
Өтетін күні: 27-28 сәуір күндері сағат 10.00-18.30
Өтетін орны: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы (Ә. Бөкейхан к-сі, 10).
Аккредитация үшін толтырған анкетаны келесі электрондық мекенжайға жолдау қажет: eurasiaforum2017@gmail.com
Қосыша ақпарат бойынша Форум Ұйымдастыру комитетіне хабарласуға болады:
тел.: +7 (7172) 256637
ұялы тел.: +7708-425-6637
email: eurasiaforum2017@gmail.com