16 ЖАСАР КОМПОЗИТОРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ: «ҰЛЫ ДАЛА ТОЛҒАУЫ» КҮЙ КЕШІНІҢ БАРЫСЫНДА 50 КҮЙ ОРЫНДАЛМАҚ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында 25 тамыз күні, сағат 14:30-да республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты, 16 жасар күйші, композитор Ғаламат Бейсеқожаның күй кеші өтеді. Іс-шара Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылмақ.

Ғаламат Бейсеқожа республикалық Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы. Республикалық «Жас Дарын» байқауының «дәстүрлі өнер» номинациясы жүлдегері, «Махамбет оқулары» атты жыл сайынғы байқауының бас жүлде иегері. Оның жеңіс қоржынында Семей қаласында өткен республикалық «Абай оқулары» конкурсының бас жүлдесі, Ахмет Жұбанов атындағы халықаралық жас орындаушылар байқауының «ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық лауреаты Қаршыға Ахмедияров атындағы сыйлығы» бар.

Ғаламат 10 жасында «Жеңіс», «Наурыз» күйлерімен қатар, ұлы ойшыл, ақын, композитор Абай Құнанбайұлына арнап «Абай толғауын» шығарды. Махамбет Өтемісұлының рухына жол тапқан «Махамбет», «Қасқарау», «Жазғытұры», «Қосбасар», «Қордай», «Жауынгер», «Есдаулет» күйлерін жазған автор  «Атадан мұра» күйін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнады. Қазіргі таңда Ғаламаттың 30-ға жуық күйі бар.

Жас күйші 2016 жылы Алматы және Шымкент қалаларында «Нұрлы жол» атты жеке шығармашылық кешін өткізген. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрімен бірге орындалған күй кеші Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына арналды.