01 December 2011
Үстіміздегі жылдың 6-желтоқсанында Тұңғыш Президентіміздің Музейінде «Жеке тұлға және саясат» атты пікірталас сабағына қатысу құқығына ие болдым. Себебі Президентіміздің жұмыс істеген орнында болып, пікірталас өткізудің өзі оқушылар үшін жоғары мәртебе. Сабақ барысында № 14 мектеп-гимназиясы мен № 25 орта мектептің болашақ лидерлері өз ойларының жетік, терең мәнде екендігін білдіріп, көрермен қошеметіне бөленді.
Өзіме алған әсерім, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес секілді. Дегенменде, мен үшін бұл күн, Тұңғыш Президентіміздің Музейінде болып, пікірталас арқылы өзімнің ойымды ортаға салып, өзімді көрсете білгенім өмірімнің жарық та жарқын, ұмытылмас сәті болды. Осы пікірталас арқылы елімізде дарынды жастар бар екеніне көзім жетті. Осы тұрғыда Елбасымыздың «Біздің алдымызда ел болашағын сеніп тапсыратындай, төл мәдениетін жақсы білетін, туған тарихын сүйетін естияр ұрпақ дайындау міндеті тұр» - деген сөзі балаларға рух беріп, алға ұмтылуымызға үлкен көмегін тигізді.
Бүгінгі таңда ел Тәуелсіздігіне 20 жыл толып отыр. Әрине, бұл тұрғыда ХХІ ғасырда еліміздің маңдайына бұйырған біздің ел мақтанышымыз, біздің Президентіміз, біздің ұлт көшбасшымыз- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегін айтпай кетуге болмас. Н. Ә. Назарбаев мемлекеттігімізді орнатып, оны қалыптастырып, экономикасын реформалау арқылы өзін де, елін де әлемге мойындатқан заманның аса дарынды тұлғасы, Қазақстанның ұлт көшбасшысы. Алдағыны болжай білетін, ертеңгісін де оза ойлай білетін көсем және де халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылған, өркениетті елдердің басшыларымен терезесі тең, сөйлескенде сөз алатын, егескенде еңсесін басатын, елдескенде мейірімін шашатын сарабдал саясаткер. Бұл сабақта саяси тұлғалардың ішінде Н. Ә. Назарбаевтің тарихи рөлін танып біліп, өз ойымызды ортаға сала білдік. Осындай сабақтардың жиі өткізіліп жатқаны оқушылардың бойына патриоттық тәрбие беріп қана қоймай, өз ұлтының тарихын терең меңгеруге бағытталады деп ойлаймын.
Барша Қазақстандықтарды келе жатқан Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Отанымыз тыныш, еліміз аман болсын!
№ 14 мектеп – гимназиясының 10 «Б» сынып оқушысы Бейсембекова Фарида