ЖАҢҒЫРУҒА БАҒДАР БЕРГЕН ЖОЛДАУ

2022 жыл мемлекетіміз бен қазақстандық қоғам үшін сындарлы әрі аса маңызды өзгерістердің жылы болып отыр. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай, сыртқы сын-қатерлер қоғамдық сананың түбегейлі өзгерісімен ұштаса отырып, азаматтардың тарапынан әділетті өзгерістерге деген сұранысын туғызғаны баршаға мәлім. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктермен қатар қордаланған көптеген мәселелердің бар екендігін бүгінгі ел басындағы шенділер де, қарапайым халық та жақсы біледі. Елдігімізді одан әрі нығайту жолында қол қусырып отырмай, әлі талай жұмыстар атқарылуы қажет екені айдан анық ақиқат. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауы еліміздің одан әрі кемелденіп, дамуы жолындағы маңызды белестің тоғысындағы жолдау болды. Өткенді саралап, бүгінгіні бүтіндеп, болашаққа бағдар беріп, ел игілігі мен мемлекет дамуы үшін қолға алынған конституциялық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған маңызды бағдарламалық құжат деп қарастыруға болады. Жолдауда экономика, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқаруды қайта жаңғырту, заң мен тәртіп сияқты реформалардың негізгі бағыт-бағдарлары айқындалды.

Жолдауда президент Қ.Тоқаев экономикадағы мәселелерді шешу мақсатында нақты шаралар ұсынды. Атап айтқанда, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы одан әрі әртараптандыру, цифрландыру, адами капиталды дамыту мен заң үстемдігін орнату. Ең бастысы экономиканы жаңа сапалық деңгейге көтеруге баса назар аударылып, монополияларды реттеу мен табысы орташа деңгейдегі азаматтар тобын қалыптастыратын шағын және орта бизнеске қолдау көрсету сияқты қадамдар жалпы экономикалық өсімге жағдай жасайтын алғышарттар болуы қажет деп атап өтілді.

Мемлекеттер мүдделерінің қақтығысы нәтижесінде туындаған саяси араздық бүгінгі жаһандық тәртіптің экономикалық негізін түбегейлі өзгеріске ұшыратып отырғанын да көріп отырмыз. Осы орайда экономиканы одан әрі нығайту кезек күттірмейтін шетін мәселе екені де жолдауда айтылды. Қазіргі әлемде экономикалық күш-қуатсыз саяси тұрақтылық туралы сөз қозғау мүмкін емес. Инвестиция тарту, нақты сектор мен инфрақұрылымды дамыту, бағаны тұрақтандыру, транзиттік әлеуетті одан әрі тиімді пайдалану Қазақстан сияқты мұхиттарға шығу мүмкіндігі жоқ әлемдегі ең ірі мемлекетке ауадай қажет. Осы міндеттерді жүзеге асыру – бақуатты, бәсекеге қабілетті, экономикасы мығым елдердің қатарына қосылуымызға мүмкіндік берері сөзсіз.

Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды бағыт – болашаққа арналған стратегиялық инвестиция, яғни адами капиталды дамыту. Бұл, әрине, білім мен ғылымды дамыту, оның сапасын арттыру, денсаулық саласын одан әрі ретке келтіріп, жетілдіру, әсіресе, шалғай аумақтардағы елді мекендерде медициналық пункттер мен фельдшерлік орталықтарды ашу мәселесі өзекті болып отыр. Мектепке дейінгі тәрбие, балабақша тапшылығы, студенттерге жатақхана орындарының жетіспеушілігі, тіпті, жолдауда адал еңбек етіп, табыс табу мәселелерінің қозғалуы, бір жағынан, мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық, екінші жағынан, әрбір азаматтың тарапынан күш жұмылдырып, бірлесе атқарылатын іс деп білемін.

Мемлекеттік басқару ісін одан әрі дамыту, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру – экономикалық реформалардың сәтті жүзеге асырылуының кепілі. Жолдауда осы бағытқа да ерекше көңіл бөлінді. Әсіресе, ескі «ұранқой», «уәдеқой» қағидаттардан арылып, нақты іспен айналысатын сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушыларды тарту, мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда кадрлық әлеуетті күшейту міндеттері алға қойылды.

Осы бағыттардың барлығы түптеп келгенде тәртіп пен заң үстемдігіне тікелей байланысты. Әділеттілік пен заң үстемдігін сөз жүзінде емес, іс жүзінде орнату – халықтың басты талап-тілегі екенін көріп отырмыз. Қазақ халқы қашан да әділеттілік пен заңға бойұсынған. Заңсыздық пен бассыздыққа жол бермеген. «Тура биде туған жоқ» деген данышпан халқымыздың санасындағы әділеттіліктің жоғары сезімі ғасырлар бойы қалыптасқан. Сот жүйесін реформалау мен судьялардың жауапкершілігі мен біліктілігін арттыру – елдегі заңдылық пен тәртіптің артуына жағдай жасайды. Болаттай тәртіп пен заң үстемдігі – ел бірлігі мен ынтымағын, азаматтардың мемлекетке, билікке деген сенімін еселей түсері даусыз. Президент айтқан саяси плюрализм мен пікір әралуандығы біздің еліміз үшін тежеу емес, керісінше дұрыс бағытта дамуға жетелейтін қозғаушы күш болуға тиіс.

Жолдауда көзделген міндеттердің іске асырылуы әділетті Қазақстанды құрып, ішкі және сыртқы сын-қатерлер мен арандатушыларға төтеп бере алатын кемелденген саяси дәстүрлерді, әділетті экономикалық қатынастарды қалыптастыруға алып келмектігіне кәміл сенемін. Қазіргі алмағайып уақытта ел болып ұйысып, болашаққа көз жүгіртіп, көздеген мақсатқа жүйелі де парасатты қадам басу – біздің замандастарымызға берілген мүмкіндік және болашақ қазақстандықтардың алдындағы парызымыз.

 

 

Экскурсия жұмысы қызметі

 басшысының м.а.

Құмар Жүнісов