Выставки и кинопоказы к 25-летию Независимости стартовали в Библиотеке Лидера Нации

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –  Елбасының кітапханасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және ТМД құрылуының 25 жылдығына арналған мерекелік шаралар салтанатты түрде ашылды.

0U3A0068

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова және Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы  – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –  Елбасының кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Базарқұлұлы Қасымбеков, көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Салтанатты шараны ашқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова  Елбасы кітапханасындағы шараның Қазақстан тұрғындарымен қатар халықаралық мәдени қауымдастық үшін тарихи және мәдени маңыздылығы жоғары екендігін ерекше атап өтті. «Тәуелсіздік жолының ширек ғасырлық белесінде еліміз әлемдік қауымдастықта экономикасы дамыған, қазіргі заманғы өркениетті мемлекет ретінде қалыптасты. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салған қазақстандық жолын, бірлік пен тұрақтылықтың үлгісін төрткүл дүние мойындады. Көпұлтты халқымыздың бірлігі және ынтымағы арқасында Қазақстанның Тәуелсіздік тұғыры беки түсті. Терезесі тең, керегесі кең Тәуелсіз Қазақстанның толайым табыстары мен жетістіктері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Бүгін Елбасы кітапханасында ашылған көрмелерде тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу дәуірінің объективті және шынайы куәгерлері ұсынылған. Бұл мұрағат құжаттары, фильмдер, суреттер, фотосуреттер, мемлекеттік маңыздылығы жоғары тарихи материалдар болып табылады», - деп атап өтті ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова.

0U3A0080

Елбасы кітапханасында мейрам күндеріне арналған көрмелер ашылды. «Елбасы жолы» көрмесіне 50-ден астам бірегей мұрағат құжаттары ұсынылған. Олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл бастамаларынан және тәуелсіз еліміздің даму тарихынан сыр шертеді. Экспозиция Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, мәдени салаларындағы жасампаз өзгерістермен таныстырады. Түпнұсқалық тарихи құжаттарда еліміздің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыру жұмыстарының басты кезеңдері және Елбасының жаһандық деңгейдегі кемеңгер саясаткер ретіндегі рөлі жан-жақты көрсетілген.

«Тәуелсіз Қазақстан – тұғырлы ел» көрмесі ширек ғасырдағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық қарыштап дамуының, әлем таныған мәртебелі мемлекет ретінде қалыптасуының, еңселі елорданы гүлдендірудің кезеңдерімен таныстырады. Экспозицияға 50-ге жуық бірегей фотоқұжат  ұсынылған. Көрме жас буынның рухани-адамгершілік құндылықтарын дамытуға, өскелең ұрпақтың бойында азаматтық жауапкершілікті және отансүйгіштікті қалыптастыруға бағытталған.

0U3A0251

«Әлем қадірлеген Елбасы» көрмесінде көпшілік назарына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген шет мемлекеттердің  жоғары наградалары ұсынылған. Коллекцияда Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Ватикан, Франция, Ауғанстан, Қытай және басқа да елдерден берілген 41 награда қойылған.

0U3A0424

Меймандар Елбасының жеке кітапханасындағы аса құнды және бірегей 550 жинақпен үш кітап көрмесі арқылы танысты. «Н.Ә. Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» көрмесі 280 кітаптан тұрады. Мазмұнды топтама 4 бөлімнен тұрады: «Елбасы және Тәуелсіздік», «Ел және Елбасы», «Әлемдік тұлға», «Елбасы еңбектері әлем тілдерінде».

«Елбасына естелікке қолтаңба» кітап көрмесіне 160 кітап ұсынылған. Құнды тарихи маңызы бар жинақтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа таяу және алыс шетел мемлекеттерінің басшылары, танымал қоғамдық және саяси қайраткерлер сыйға тартқан.

0U3A0168

«Егемен елдің тәуелсіздік шежіресі» кітап көрмесіне еліміздің өткенінен және бүгінінен сыр шертетін 110 туынды ұсынылған. Экспозиция тұғырлы тәуелсіздіктің басты құндылықтарымен және игіліктерімен таныстырады: ел бірлігі, төл мәдениетіміз бен туған тіліміз, индустриялық-инновациялық экономика, Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамы, Астана, жаһандық жауапкершілік пен барша адамзаттық бастамалар.

«Ұлы Дала елі» көрмесінде Елбасы кітапханасының қызметкері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Нұржан Қарымсақовтың төлтуындылары паш етілді. Онда мемлекетіміздің ширек ғасырдағы табыстары мен жетістіктерін қылқаламмен сөйлеткен суретшінің 33 картинасы қойылды. «Бүгін көрмеге ұсынылған төлтуындыларым 1998-2016 жылдар аралығында салынды. Олардың әрқайсысы арқылы еліміздегі тұрақтылық пен келісімді, Мемлекет басшысының көрегенді саясатын, халықтың тату-тәтті өмірін жеткізуге тырыстым. Бұл менің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған тартуым», - дейді қылқалам шебері.

0U3A0114

Елбасы кітапханасында мейрам күндеріне орай бұқаралық мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылады: кинокөрсетілімдер, шеберлік сыныптары, әдеби және музыкалық кештер.

Бүгіннен бастап қала тұрғындары мен меймандарына «Көшбасшылық факторы», «Парламентаризмнің даму белестері», «Бітімгершілік күш-жігерінің жол картасы», «Президенттік биліктің формуласы» деректі фильмдері паш етіледі.

Елбасының кітапханасындағы мерекелік шаралар жыл соңына дейін жалғасын табады.