ВЫЕЗДНЫЕ ТЕМАТИЧЕСКИЕ ЭКСКУРСИИ ДЛЯ ЖИТЕЛЕЙ ХОБДИНСКОГО И АЛГИНСКОГО РАЙОНОВ АКТЮБИНСКОЙ ОБЛАСТИ ПРОВЕЛИ СОТРУДНИКИ БИБЛИОТЕКИ ЕЛБАСЫ

Ақтөбе облысында өтіп жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты кешенді көшпелі көрмесі жобасы аясында 2018 жылғы 15 және 16 қараша күндері Қобда мен Алға аудандарында «Тұңғыш» экскурсиялық концепциясы аясында «Тарихи таңдау» қоғамдық-саяси тақырып бойынша тақырыптық көшпелі экскурсиялар өтті.

Алғашқы көшпелі экскурсия 15 қараша күні Қобда аудандық мәдениет үйінде өтті.

- «Тарихи таңдау. Өрлеу» көшпелі экскурсиясының мақсаты – сырт әлеммен тату көршілік қатынастар мен ынтымақтастыққа бағытталған тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қадамдарын архивтік материалдар негізінде жүйелі түрде ашып көрсету. «Тарихи таңдау» көшпелі экскурсиясы Нұрсұлтан Назарбаевтың сирек аривтік құжаттары, бейне- және фотоматериалдары, Қазақ ССР-інің мерзімді баспасөздерінде жарияланған мақалалар арқылы Мемлекет басшысының өмірбаянындағы деректермен танысуға мүмкіндік береді. Тарихи кеңістіктегі Елбасы өмір жолының кезеңдерін жан-жақты көрсетеді: қатардағы металлургтен ең жас Қазақ ССР-і Министрлер кеңесі Төрағасына дейін; Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы, Қазақ ССР-і Жоғарғы кеңесі Төрағасынан Қазақстан Республикасының Президентіне дейін. Бірегей архивтік материалдар болып табылатын Президенттің кездесулердегі тезистері мен өз қолымен жазған жазбалары, сондай-ақ мемлекет басшылары мен халықаралық ұымдар жетекшілерімен жеке жазысқан хат-хабарлары, дипломатиялық сыйлар – осының бәрін экскурсия барысында көруге, парақтап шығуға және оқуға болады, - деді Әмірхан Рахымжанов іс-шараның ашылуында сөйлеген сөзінде.

Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің Қобда ауданына сапарында Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы Нұржауған Қалауов еріп жүрді. Ол Мәдениет үйіне жиналған аудан тұрғындарын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты кешенді көшпелі көрмесі жобасы аясында Ақтөбе облысында өтіп жатқан шаралармен таныстырды.

- Еліміз үшін маңызды қос мереке – Тұңғыш Президент күні мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында аудан тұрғындары Елбасының Жеке архивінің экспонаттары және маңызды тарихи құжаттармен танысу мүмкіндігіне ие болды. Есімін ел тәуелсіздігі мен оның жаңа тарихынан бөліп қарауға болмайтын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан үшін ғана емес сондай-ақ, әлемдік саясат үшін біртуар тұлға. Сондықтан, менің ойымша, аталған экскурсияның танымдық және тәрбиелік маңызы зор. Ал, Елбасының мәдени және идеологиялық орталығының келуі – ауданымыз үшін мақтаныш және тарихи оқиға, - деп атап өтті Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет.

 Осы оқиғадан естелік ретінде Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Ә.Рахымжанов пен директордың орынбасары К.Ақтаеваға аудан басшысы Қобда ауданының мерекелік медальдарын табыс етті.

16 қараша күні аудандық мәдениет үйде Алға ауданының тұрғындары үшін «Тарихи таңдау» көшпелі экскурсиясы ұйымдастырылды.

Ә.Рахымжанов Елбасы кітапханасының құрылу тарихы, оның қызметінің негізгі бағыттары мен бірегей қорлары туралы айтып берді.

- Алға ауданы тұрғындарының атынан бүгінгі маңызды шараны ұйымдастырғандары үшін Елбасы кітапханасына ризашылығымды білдіргім келеді. Біз тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері Президентіміздің сындарлы және сарабдал саясатының, оның ерен еңбегінің нәтижесі екенін білеміз. Еліміздегі барлық экономикалық бетбұрыстар халқымыздың әл-ауқатын арттыруға және мемлекетіміздің гүлденуіне арналған. Алға ауданының даму қарқынына қарап айтарым, Мемлекет басшысы өңірлердің дамуына көп көңіл бөледі. Аудан тұрғындарының атынан Елбасымызға деген жүрекжарды алғысымызды білдіреміз, - деді Алға ауданының әкімі Нағымжан Алдияров. Сонымен қатар, ол Елбасы кітапханасына сый ретінде сурет сыйлады.

Елбасы кітапханасы ұйымдастырған көшпелі экскурсиялар аудан тұрғындарына бірегей қорларды ғана көрсеткен жоқ, сондай-ақ экскурсияны ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін де паш етті.

Елбасы кітапханасының атынан аудан әкімдіктеріне кітаптар топтамасы тарту етілді, ал аудан әкімдеріне «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты кешенді көшпелі көрмесі жобасын ұйымдастыруға қолдау көрсеткендері үшін алғыс хаттар тапсырылды.