Елбасының кітапханасында «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің бастығы, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ директорының міндетін атқарушы М.Б.Қасымбеков «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің номинанттарымен кездесу өткізді. Кездесуге «Тіл жанашыры - 2015» құрмет белгісіне лайық деп танылған 21 үміткер қатысты.
Бас қосуға дейін елдің түкпір-түкпірінен жиылған тіл жанашырлары үшін Елбасының кітапханасы бойынша экскурсия жүргізілді. Президент Н.Ә. Назарбаевтың кітаптары мен ойлары жинақталған рухани орданы көріп жігерленген азаматтармен кездесу барысында М.Қасымбеков алғыс білдірді, одан әрі қарай да белсенділік танытуға шақырды:
- Қазақтың ұлт болып қалыптасуының негізгі тірегі – тіл. Тіл болмаса, ұлт болмайды. «Тіл» деген мемлекеттің де тірегі, тіл - ұлттың да тірегі. Тіл – отбасымыздың да тірегі. Туған жеріміздің де тірегі тіл. Сондықтан тіл мәселесіне келденде аянбай бар күш-жігерімізді салып еңбек етуіміз керек.
Тілге жанашырлық танытуды өмірінің мәні санайтындардың бірі А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдін Бизақов өзінің «Қазақ тілі қандай тіл?», «Казахский язык: просто о сложном» атты еңбектерін сыйға тартты.

«Тіл жанашыры-2015» құрмет белгісін табыстау рәсімі 6 қараша күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде өтеді.
Мақсаты – мемлекеттік тілдің өркендеу жолында зор еңбек етіп жүрген азаматтарды ынталандыру.
«Тіл жанашыры» құрмет белгісі екі жылда бір рет табысталады. Оған мемлекеттік тілге шынайы жанашырлық танытып, тіл мен мәдениеттің дамуына нақты ісімен үлес қосатын ғалымдар мен жазушылар, мемлекеттік қызметшілер мен қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен меценаттар ие болады.


