В АКТОБЕ СОСТОЯЛСЯ РЕГИОНАЛЬНЫЙ КРУГЛЫЙ СТОЛ «НУРСУЛТАН НАЗАРБАЕВ – ОСНОВАТЕЛЬ КАЗАХСТАНСКОЙ МОДЕЛИ ГОСУДАРСТВЕННОГО СТРОИТЕЛЬСТВА»

2018 жылғы 15 қарашада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты кешенді көшпелі көрмесі жобасы аясында «Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделінің негізін салушы» атты өңірлік дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның мақсаты – Мемлекет басшысының стратегиялық бағдарламасы аясында мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделін құрудағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін талқылау.

Дөңгелек үстел жұмысына ғалымдар, сарапшылар, ЖОО-ның оқытушылары, докторанттар, магистранттар, студенттер қатысты.

Басқосуда спикерлер ретінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков сөз сөйледі. Сондай-ақ Ақтөбе облысының ғалымдары, зерттеушілері және университет оқытушылары да өз ойларын ортаға салды.  

Аймақтық дөңгелек үстел жұмысында мынадай мәселелер талқыланды: «Нұрсұлтан Назарбаев және мемлекет құрылысының қазақстандық моделі», «Қазақстан Президентінің Құбылысы – сыртқы саясат стратегиясының генераторы ретінде», «Адами капитал – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағдарламасы аясында тәуелсіз Қазақстанның инновациялық дамуының негізі», «Ұлтаралық қарым - қатынастардың үйлестірілуі, төзімділік, келісім».

Дөңгелек үстелдің модераторы Әмірхан Мұратбекұлы Рахымжанов:

- Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанында еліміз тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін атап өтеді. 1991 жылғы 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ тарихында алғаш рет бүкілхалықтық сайлау арқылы Қазақ КСР Президенті болып сайланды. Бүгінгі іс-шараның өзектілігі жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы үшін де, ғылыми-сараптамалық қауымдастық үшін де  жалпы қызығушылық тудырады деп есептеймін. Шарамыздың тұжырымдамасы, тәуелсіз Қазақстанның инновациялық дамуының негізі ретінде адами капиталды дамыту мәселесін қоса алғанда, мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделі мәселелерінің кең спектрін қарауды көздейді. Біз сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясын қалыптастыру және конфессияаралық, этносаралық келісімнің қазақстандық моделі мәселелеріне тоқталамыз. Әрине, бұл үдерістердің барлығы еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қызметі мен бастамаларына байланысты және әлемдік қоғамдастықта мойындалды, - деп атап өтті.

- Өздеріңізге белгілі еліміз тәуелсіздік алған уақытта мемлекетіміздің алдына көптеген мәселелер мен міндеттер жүктелді. Осы күнге дейін жүзеге асырылған қоғам алдында тұрған өзекті мәселелерді ел мүддесіне сай оңтайлы шешуде Мемлекет басшысы ел тәуелсіздігін нығайта түсетін стратегиялық саясатты ұсына білді. Аз уақыттың ішінде Елбасының ұстынған стратегиялық саясатының негізінде ел мәдениетінің, қоғамдағы тұрақтылықтың нығая түскендігі ақиқат.

Бүгінгі таңда елімізде әртүрлі этнос өкілдері тұрады. Тарихи уақыттың қиын сәттерінде қасиетті қазақ топырағына қоныс аударған ұлттар мен ұлыстарды ата-бабаларымыз бауырына басты. Қиыншылықты бірге бөліскен халықтың рухы тарих бетінен тайға таңба басқандай көрінеді. Бұны айтып отырған себебіміз, осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы, қазақстанның ұлтаралық және дінаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту бағытында жүргізіліп отырған идеология, еліміздің қол жеткізген дүниелерінің бірі болып табылады. Бұл бағытта жүргізіліп отырған ел саясатының мақсаты - мемлекет құрушы ұлт қазақ халқының айналасында осы елде туып өкен барлық этнос өкілдерін біріктіру болып табылған, - деді Бауыржан Ердембеков.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің кафедра жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор. Алтай Тайжанов:

- Дана халқымыз «Игілік басы - ынтымақ», - деген. Бірлік, ынтымақ – қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы маңызды этикалық ұғым.  Бірлік, ынтымақ адамдар арасындағы жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың белгісі. Олар белгілі бір топтың, ұжымның, ұлттың, халықтың, жалпы адам баласының мақсат, мұрат, мүдделері тоғысынан туындайды. Бірлік пен ынтымақ  елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналады.Ел Тәуелсіздігінің беріктігі оның бірлігіне тікелей байланысты. Бірлік болған жерде береке де, ынтымақ та, ырыс та бар. Сондықтан біз үшін ең бастысы – тәуелсіз Қазақстанның тұтастығы мен тұрақтылығы, - екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы 2017 жылғы қарашада Алматыдан бастау алып, 2018 жылғы ақпан айында Түркістан облысында жалғасса, ал қыркүйек айында Атырау облысында табысты өтті. Жалпы 2017-2018 жылдары көрмені 350 мыңнан астам адам тамашалады.

Жоба Елбасы кітапханасының жинақтарынан ұсынылған қор көрмесіне негізделген. Жинақталған, жүйеленген архивтік, кітап, жәдігерлік кешендер Тәуелсіздігіміздің тарихын, Қазақстанда Президенттік институттың қалыптасуы мен даму бойынша бірегей зерттеу, талдау, мәдени-ағартушылық, білім беру, ақпараттық алаңды жасақтайды. Жоба аясында ауқымды ғылыми-білім беру және мәдени-ағарту шаралары, Ақтөбе облысы бойынша көшпелі экскурсиялар ұйымдастырылады.