ПАВЛОДАР, ҚОСТАНАЙ, АЛМАТЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІ ЛИДЕРЛІК ҚАСИЕТТЕРІН КӨРСЕТТІ

Елбасы кітапханасында «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» курсы бойынша оқыту жалғасуда. Тыңдаушылар Елбасы кітапханасы жасаған Елбасы Н. Ә. Назарбаев – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің тұжырымдамалық ойлары мен жаһандық бастамаларын зерттеуге бағытталған оқу бағдарламасы бойынша Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерінің дәрісін тыңдап, тренинг пен тәжірибелік жаттығуларға қатысты.

5 қазан семинар-тренингтің қорытынды күнінде оқушыларға Әлем экономикасы және саясаты институтының жетекші сарапшысы, PhD докторы Жақсылық Сәбитовпен кездесу өткізілді.

Жақсылық Сәбитов – 3 ғылыми монографияның, Қазақстан тарихы, түркі халықтарының этногенезі, саясаттану бойынша 300-ге жуық мақалалардың авторы. Ғалым генетика саласындағы соңғы ғылыми жетістіктер мен жаңалықтар жөнінде баяндады.

– Біздің қазір оқып жүрген Қазақстан тарихы оқулығы отыз жыл бұрынғы ғылымның салдары. Ережеге сүйенсек, ғылыми жаңалықтар туралы мәлімет 20 жылдан кейін ғана оқулыққа енеді. Бұл өте ұзақ жол, – деді Жақсылық Сәбитов

Сонымен қатар, дәріскер Қазақстан тарихын зерттеудегі қазақ халқының шығу тарихы мен кейбір этнонимдер туралы жаңа теорияларды және де дәлелденген нұсқаларды әңгімеледі.

Кездесу соңында екі күнгі семинар-тренингтің тыңдаушыларына сертификаттар тапсырылды. «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингінің жаңа кезеңдегі үшінші тобын Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің (Алматы қ.), А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті және С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері, сонымен қатар ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері құрады.

Сертификаттар тапсыру салтанатты рәсімін өткізген Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова студенттердің жоғары білім деңгейі мен белсенділіктерін ерекше атап өтті.

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, Халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі Жансая Жабина семинар-тренингті ұйымдастырған Елбасы кітапханасының басшылығына алғысын білдірді:

– Болашақ халықаралық қатынастар мамандарына осындай шаралар өте пайдалы. Мұндай семинар-тренингтен студенттер теориялық білімдерін шыңдап қана қоймай, сондай-ақ тамаша тәжірибелік дағдыны игереді. Бүгін олар лидерлік қасиеттерді ашуға мүмкіндік туғызатын әдістер және технологиялармен танысты. Бұл осы оқу курсын құрайтын маңызды бөлігі деп санаймын. Студенттер ашылып, емін-еркін өз ойларын ортаға салды. Бұл курсытың мазмұны олардың кейінгі қызметтеріне ықпал етіп, мықты ұмтылыс беретіні сөзсіз. Мұндай тәжірибе алудың бағасы жоғары.

Тыңдаушылар қатарындағы студенттер де семинар ұйымдастырушыларына өз алғыстарын білдіріп, алған әсерлерімен бөлісті. Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ-дің 4 курс студенті Жанар Қаңтарбай:

– Мен біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Елбасы кітапханасының басшылығына және семинар-тренингтің оқытушыларына қазақстандық жастардың білім деңгейлері мен болашақ тағдырларына бей-жай қарамайтындықтарына ризашылығымды білдіремін. Бұл оқу курсы – қазіргі әлемдегі жастардың қуаты мен ақыл-парасатына арқа сүйейтін біздің еліміздің жарқын болашағына қаланған тағы бір кірпіш болмақ. Мен үшін алдағы кәсіби және қоғамдық қызметтегі белестеріме бастайтын жол деп сенемін. Өзімнің болашақ қызметімде бірлік пен достықта тұрып жатқан көпұлтты ұлы елдің «Мәңгілік Ел» идеясын дамытқым келеді. Мен БҰҰ Бас хатшысы болып, осы идеяны жаһандық деңгейде насихаттауды армандаймын.