2015 жылғы 6 қараша күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Тіл жанашыры-2015» құрмет белгісін табыстау рәсімі өтті. Түрлі лауазымдарда қызмет ететін, мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіруге, оны дәріптеу мен насихаттауға зор үлес қосып жүрген ұлтжанды азаматтар салтанатты түрде «Тіл жанашары» құрмет белгісіне ие болды.
«Тіл жанашыры» құрмет белгісі мемлекеттік тілдің өркендеуіне атсалысып келе жатқан азаматтарды ынталандыруды көздейді. Нақтырақ айтатын болсақ, құрмет белгісі:
- Қазақстан Республикасы және шет елдері көлемінде қазақ тілінің, мәдениетінің, салт-дәстүрінің кең тарауына үлес қосып, тілді игеру деңгейін жоғарылату жолында жұмыс жүргізген;
- әр түрлі салаларда қазақ тіліндегі қызмет сапасын арттыруға бағытталған шаралар ұйымдастырған және өткізген;
- өз күшімен және жеке қаражатымен тілге, ұлттық мәдени шараларға демеушілік жасаған;
- мемлекеттік тілді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттауға, тіл беделін арттыруға нақты ісімен үлес қосқан;
- ұлттық мәдени мұра, салт-дәстүр, өнер салаларында ұлттық сананы күшейтуге бағытталған қызмет атқарған;
- мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған басылым, бағдарламалар, құралдар дайындаған және шығарған;
- мемлекеттік тілді дамытудағы еңбектері көпшілік санасына жағымды әсер қалдырған азаматтарға тапсырылады.

Құрмет белгісіне ұсыныс Республика көлемінде Астана, Алматы қалалары мен облыстық әкімшіліктерден, қоғамдық ұйымдар мен мекемелерден, «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегерлерінен қабылданды.
Үміткерлерді белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен меценаттардан тұратын арнайы комиссия іріктеді. Оған «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің бастығы, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ директорының міндетін атқарушы Махмұт Базарқұлұлы Қасымбеков төрағалық етті.

- Елімізде тілге жанашырлық көрсететін азаматтар көптеп саналады. Осыған орай бізге бұл жолы 100-ге жуық ұсыныс келіп түсті. Солардың ішінен 21 үміткерді ғана іріктеп алдық. Сіздердің әрқайсыңыздың орындарыңыз бөлек. Бәріңіз де тілдің тағдыры үшін тынбай күресіп жүрсіздер, жас ұрпақтың тілінің таза болуына атсалысып келесіздер, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне қамқор болып жүрсіздер, жылдар бойы көз майын тауысып, сөздіктер жасадыңыздар, тіл тәрбиесін бала тәрбиесімен ұштастыра білдіңіздер, тілді дамытуға арналған жобаларды қолдап, ұлт меценаты атандыңыздар. Соның бәрі де ескерілді.
«Тіл жанашыры» атану – зор мәртебе. Беделі биік бәйгеде жеңімпаз болғандарыңыз – ұзақ жыл төккен тер мен ерен еңбектің жемісі. Туған өлкелеріңіз бен қызмет істейтін орталарыңыз енді сіздерді мақтаныш ететін болады, - деді М.Қасымбеков шараның ашылуы барысында.
Бүгінгі күнге дейін «Тіл жанашыры» құрмет белгісіне қазақ тілін зерттеп жүрген шетелдік ғалымдар, мемлекеттік тілге шынайы жанашырлық танытып, тіл мен мәдениеттің дамуына нақты ісімен үлес қосқан отандық ғалымдар мен жазушылар, мемлекеттік қызметшілер мен қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен меценаттар ие болды. Жалпы 100-ден астам адам «Тіл жанашыры» атанды.
Төстеріне «Тіл жанашыры» белгісі тағылған марапатталушыларды құттықтаған М.Қасымбеков тілді сақтау, қорғау мен дәріптеу жолында сәттілік тіледі:
- Талай жылғы еңбектеріңіздің өтеуі ретінде омырауларыңызға тағылған «Тіл жанашыры» белгісі сіздерді жаңа жетістіктерге жетелесін!
Сіздердей азаматтар бар кезде туған тіліміз ешқашан тұғырынан түспейді. Осы үлгі-өнегелеріңіз жүздеген тіл жанашырларына жол ашады деп сенемін. Бәріңізге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
«Тіл жанашыры» құрмет белгісі 2015 ж. бесінші рет табысталды. Биыл оған 21 номинант қол жеткізді. Олардың қатарында Қазақстанның Астана мен Алматы қалаларынан және елдің түкпір-түкпірінен жиналған тіл жанашырлары бар. Сондай-ақ Мәскеу мен Орынбор қалаларында қазақ халқының мәдениеті мен тілін насихаттап жүрген азаматтар жоғары марапатқа ие болды.


