СЕМИНАР «ЕЛБАСЫ Н.А. НАЗАРБАЕВ: БИОГРАФИЯ И СОЗИДАТЕЛЬНЫЕ ИДЕИ» ДЛЯ УЧАЩИХСЯ НИШ Г.АКТОБЕ

2018 жылғы 17 қарашада Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Елбасы кітапханасы «Елбасы Н. Ә. Назарбаев: өмірбаяны мен жасампаз идеялары» атты семинар-тренинг өткізді.

Семинардың мақсаты – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың өмірбаяны мен еңбек жолын насихаттау арқылы жас ұрпақтың бойында көшбасшылық қасиеттерді дамыту.

«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында өткен іс-шарада Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов сөз алып, семинар жұмысына сәттілік тіледі:

Мемлекет басшысы  Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», - деп атап өтті. Бұл бағытта кітапхана өз жұмысында әрдайым ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөліп келеді. Ғылыми-білім беру бағдарламасының аясында көптеген түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізілуде. Соның бірі Елбасымыздың тәуелсіз Қазақстанды құру мен дамытудағы еңбегін насихаттауға және өмірбаяны мен еңбек жолы арқылы көшбасшылық қасиетті дамытуға арналған бүгінгі семинарымыз. Семинар барысында Сіздерге кітапхананың ғылыми қызметкерлері бірқатар сабақтар мен тренингтер жүргізеді. Бүгінгі семинар жұмысына сәттілік тілеймін!

Сонымен қатар Әмірхан Мұратбекұлы  іс-шараны ұйымдастырып, қолдау көрсеткен Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Сабыржан Сәдуақасовқа Алғыс хат тапсырып, кітаптар тарту етті.

Семинар барысында Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлері Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларына дәрістер оқып, «Елбасытану» және «Лидерлік қасиетті дамыту» элективті курстарын өткізді.

– Ақтөбе облысына Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасы ашылып, Апта басынан бері әртүрлі іс-шаралар өтіп жатқанынан хабардармыз. Бүгінгі шараның біздің мектепке ұйымдастырылғанына өте қуаныштымыз. Астана қаласынан арнайы келген білікті мамандар өткізген семинар-тренингке қатысу арқылы лидерлік қасиеттерімізді арттырдық. Топ-топқа бөлініп, түрлі күрмеуі қиын тапсырмалардың шешімін тауып, мақсатымызды айқындай білдік. Бұл семинар-тренинг елордадағы Елбасы кітапханасын көрсек деген қызығушылығымызды оятты, - деп ой бөлісті Ақтөбе қалалық физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Дильназ Темірқызы.

Шара соңында ұйымдастырушылар тарапынан семинар-тренинг қатысушыларына сертификаттар тапсырылды.