РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: ЗАМАНАУИ ӘЛЕМДЕГІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ

2017 жылдың 3 қазанында Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында «Қазіргі кезеңдегі Қазақстан» ғылыми жобасын жүзеге асыру және халықаралық ынтымақтастық аясында «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

«Дөңгелек үстелдің» негізгі мақсаты Қазақстанның ұлттық мәдениеті дамуының өзекті мәселелерін жаһандық заманауи үдерістер контексінде талқылау болды.

«Дөңгелек үстелдің» жұмысына Қазақстан Республикасындағы Венгрия елшілігінің өкілдері, Батыс Венгрия университетінің профессоры Михай Фрешли, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Басқару мемлекеттік академиясының өкілдері, ғалымдар және зерттеушілер қатысты.

Дөңгелек үстелдің ашылуында сөз алған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова жаһандану мен қауіпсіздік қазіргі заманның негізгі мәселелері екенін атап өтті.

– Бүгінгі кездесу аясында біз жаһандану әлеміндегі ұлттық мәдениеттің орны мен рөлін талқылайтын боламыз. Жаһанданудың жақсы да, көлеңкелі тұстары да бар екені құпия емес. Мемлекет басшысының пікірінше, өркениет аралық үнқатысудың негізінде адамзат құндылықтарының сан алуан қырларын мойындау қажет.

Қазақстан Республикасындағы Венгрияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Андраш Барани өзінің алғы сөзінде биыл Қазақстан мен Венгрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 25 жыл толатынына қатысушылардың назарын аударды.

– Біздің елдерімізді дипломатиялық байланыс қана емес, ең алдымен ортақ тарихи тамыр, мәдениет пен дәстүр де біріктіреді. Қарқынды дамып келе жатқан ынтымақтастығымыз өте қуантады. Венгрия – Орталық-Шығыс Еуропа аймағындағы Қазақстанның жалғыз стратегиялық серіктесі, ал Қазақстан – Венгрияның Орталық Азиядағы жалғыз стратегиялық серіктесі. Қазір біз серіктестік қатынастарымыздың нәтижелерімен мақтана аламыз. Атап айтсақ, Астана-Будапешт бағытындағы рейстің ашылуы, Венгрияда оқитын қазақстандық студенттерге 200 мемлекеттік шәкіртақының тағайындалуы, сондай-ақ екі ел арасындағы тауар айналымы былтыр 16%-ға, 2017 жылдың бірінші жартыжылында – 32%-ға өсті. Біздің өзара ынтымақтастығымызды, соның ішінде ғылыми бағытымызды жалғастыруға толық дәлелдер бар.

Батыс Венгрия университетінің профессоры, PhD докторы Фрешли Михай өз баяндамасында ұлттық мәдениеттің ерекшелігіне аса мән берді:

– Бүгінгі «дөңгелек үстелдің» ұйымдастырылуына алғысымды білдіремін, себебі әлемде жаһанданудың қарқынды дамуына байланысты ұлттық мәдениеттің әлсіреуі сезіледі. Қазақстан бір жағынан өз мәдениетін еуропалық және әлемдік мәдениетке жақындата отырып, өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттерін ұлттық мақтаныш ретінде сақтауға тырысады.

Өз кезегінде Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Күләйша Ақтаева дөңгелек үстелдің Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылау барысында өткізілуінің өзекті екенін атап өтті.

– Шындығында, бұл тақырып мәдениет қайраткерлерінің, соның ішінде музей саласы қызметкерлерінің әрдайым қаперінде екені белгілі. Кез келген мемлекеттің ұлттық мәдениетін айшықтайтын, сондай-ақ көпшілікке насихаттайтын мүмкіндіктері бар жалғыз орта – музей болып табылады. Біздің өмірімізге ақпараттық технологиялардың, бізді қоршаған виртуалды әлемнің шынайы өмірге айналуына байланысты музей жинақтарының құндылығы күн санап арта түсуде. Адамның ерекшеліктерді, мәдени құндылық пен өзгешеліктерді танып, оны түсінуге талпынуы өміріміздегі басты ұстаным болып табылады. Ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерін тану арқылы әлем мәдениетін ашуға болады.

Елбасы кітапханасы Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердағұлова аталған шараның өткізілуіне Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласындағы қойылған міндеттер түрткі болғандығын айта келе, тақырыпты аша түсті:

– Белгілі болғандай, Президенттің мақаласында айқындалған ұлттың бәсекеге қабілеттілігі мұнай өнімінің сатылуынан ғана емес, сондай-ақ мәдениет саласындағы да жоғары жетістіктердің арқасында әлемдік лидерлік сатыға көтерілудің маңызды мақсат екенін көреміз. Венгерлік дипломатиялық және ғылыми қауымдастық өкілдерімен кездесу ұйымдастыру кездейсоқтық емес. Біздің елдерімізді көп ғасырлық ортақ тарихи деректер біріктіреді. Ертеде біздің бабаларымыз – қыпшақтар қазіргі Венгрия аумағына дейін қоныстанған. Сол жерге тұрақтанып, жаңа Мажарстан мемлекетін құруға себепші болған. Бүгінгі отырыс осындай шараларды ұйымдастыруға ғана емес, сонымен қатар Мемлекет басшысының идеяларын және жасампаздық бастамаларын ілгерілету үшін қажет.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Басқару мемлекеттік академиясы Дипломатия институтының профессоры, саяси ғылымдарының докторы Светлана Кожирова, Елбасы кітапханасы Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы Ғазиз Телебаевтар жаһандану дәуіріндегі ұлттық ерекшеліктің рөлі, қазіргі әлемдегі Қазақстан тарихы мен мәдениетінің мәні туралы баяндамалар жасады.

Спикерлердің баяндамалары мен өзекті мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша жаһандық әлемдегі ұлттың өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттерін сақтау мәселелеріне ұсыныстар мен ұсынымдар айтылды.