22 қазан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Қазақстан Скаут Қозғалысы Ұйымы балалар мен жасөспірімдерге арналған бейресми білім беру Бағдарламасының жобасын таныстырды.
Биылғы жылдың қазан айынан бастап Қазақстан Скаут Қозғалысы Ұйымы (бұдан әрі – ҚСҚҰ) балалар мен жастарға арналған бейресми білім беру бағдарламасын әзірлеуге кірісті. Бағдарламаның бірегейлігі, оқу – көпұлтты еліміздің халықтық, мәдени және рухани құндылықтары негізінде өткізіледі. Бұл жоба біздің балаларымызға жеке дамудың шынайы жолын айқындап беретін Қазақстан үшін аса маңызды құжат болмақ. Ол отандық және шетелдік үздік тәжірибелерге негізделеді.
Скауттар Қазақстанның бүгіні мен ертеңіне бей-жай қарамайтын барлық адамдар мен ұйымдарды, халықаралық деңгейдегі ірі білім беру жобаларының дайындалуы мен іске асырылу тәжірибесіне қызығушылық танытатындардың барлығын атсалысуға шақырады.
Шараға Министрліктер мен ведомстволар өкілдері, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, Елбасы кітапханасының мамандары, БАҚ, ҮЕҰ, отандық және шетелдік сараптамалық қауымдастықтар өкілдері қатысты.
Қазақстанның Скаут қозғалысы ұйымы (ҚСҚҰ) - 1989 жылы құрылған балалар мен жастарға арналған республикалық, қоғамдық, ерікті, тәуелсіз, бисаяси, тәрбиелік ұйым. 2008 жылы ҚСҚҰ түрлі жастағы 40 миллионнан астам мүшесі бар, олардың 7млн.-нан астамы ересек көшбасшылар – еріктілер болып табылатын әлемдегі ең ірі жастар ұйымы – Дүниежүзілік скаут қозғалысы ұйымына ресми түрде қабылданды. ДСҚҰ 1947 жылдан бері БҰҰ жанындағы кеңестік мәртебеге ие.
ҚСҚҰ жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға, жастар арасында суицид пен қылмысты азайтуға, ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты дамытуға, еңбексүйгіштік пен заңды құрметтеуді үйретуге арналған түрлі сабақтарды үнемі өткізіп тұрады. ҚСҚҰ «дені сау» азаматтық қоғам қалыптастыру мен еліміздің болашақ бетке ұстар азаматтарын тәрбиелеу және дайындауға қызмет ететін жаңа білім беру әдістемелерін тұрақты түрде енгізеді.


