ПОЛИТИЧЕСКАЯ ШКОЛА ДЛЯ МОЛОДЕЖИ. СЛУШАТЕЛИ О СЕМИНАРАХ-ТРЕНИНГАХ «КАЗАХСТАНСКИЙ ПУТЬ: МӘҢГІЛІК ЕЛ»

16 қарашада Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Атырау қаласының Мұнай және газ институты, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттері «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» бағдарлама бойынша семинар-тренингін тәмамдады.

Салтанатты түрде сертификаттар тапсыру алдында семинар тыңдаушылары үшін халықаралық қатынастар саласындағы сарапшы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар бакалавры, Конрад Аденауэр (ГФР) атындағы қордың SurPlace бағдарламасының стипендия иегері, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы академиясының «Саясат пен қауіпсіздік» саласындағы ғылым магистрі Әлкей Марғұланмен кездесу ұйымдастырылды.

Еңбек жолын «Қазақстан» ТРК креативті директоры – атқарушы продюсер лауазымынан бастаған Әлкей Марғұлан Ли Ка Шинг атындағы Стэнфорд университеті (АҚШ, Калифорния штаты) Инновация және даму орталығының аға ғылыми қызметкері лауазымына қоса, NurmashIncorporation, PaloAlto, California тобында халықаралық нарықты сараптау жөніндегі бас директор қызметін қатар атқарған.

Мейман «Кәсіби тұлға: заманауи білім және моральдық этика» баяндамасында тұлғалық өсу құндылықтарын қалыптастырудың маңыздылығына тыңдаушылардың назарын аударды:

– Адам кәсіби маман, тұлға ретінде қалыптасқанда белгілі бір құндылықтар үшін күрес жүреді. Мен бүгін моральдық этика мен кәсіби өсу жөнінде, яғни өз ісінің кәсіби маманы болғанда адамгершілікті ұмытпау жайлы сөйлескім келеді. Назарбаев университетінде сабақ бергенде жастармен көп жұмыс істеймін, сонда олардың құндылық бағдарына қатысты сұрақтары барын аңғарамын. Олар кім болғылары келетіндерін нақты біледі, ал қандай тұлға болғысы келетіндерін енді ғана ойлануда. Мен тұлғаның қалыптасуында кәсібилік, жауапкершілік, моральды-этикалық тұстарына аса назар аударуға кеңес беремін. Біз экономика саласына, өндіріске мамандар даярлаймыз, алайда, үлкен өмірге деген көзқарасы бар толыққанды тұлға даярлауды ұмыт қалдырамыз. Қазіргі біздің қоғамымызға түрлі реформалар ұсынатын сапалы мамандар дайындауымыз керек.

Семинар-тренингтің тыңдаушыларына сертификат тапсыру рәсімінің алдында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова:

– Тарих – жүз жыл немесе мың жыл бұрынғы оқиғалар ғана емес. Тарих – бүгінгі өткен мен ертеңгі болатын оқиғалар деген сөздерді тарихшылар жиі айтады. Біздің әрқайсымыз тарихтың бөлшегіміз. «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» бағдарламасы аясында өткен екі күндік семинарда сіздер Мемлекет басшысының өмірбаяны туралы толық мәлімет алумен қоса, бүгінгі әлемге Қазақстан мен оның Көшбасшысы ұсынған бағдарламалық құжаттардың теориялық және әдіснамалық шынайы негізі бар екеніне тағы да бір көз жеткіздіңіздер, – деді.

Сертификаттар тапсыру рәсімінен кейін студенттер өз әсерлерімен қуана бөлісті.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің 1-курс магистранты Сергей Иванов тамаша ұйымдастырылған шараға алғысын білдірді:

– Аталмыш жоба – Мемлекет басшысының бастамасы, институционалдық реформалар мен бағдарламалар, Елбасы қызметінің сан қыры туралы көп білуге мүмкіндік беретін жастар үшін жақсы саяси мектеп. Жоғары кәсіби және білікті дәріскер құрамы – тренингтің сәтті өтуінің негізі. Барлығы рет-ретімен ұйымдастырылған. Осы жоба қалалар мен өңірлерден жиналған жас студенттердің бір-бірімен танысуына мүмкіндік берді. Бұл іскерлік, шығармашылық және достық қатынастар үшін таптырмас алаң деуге болады. Мысалға, біз Қарағанды қаласынанбыз. Бізбен бірге Атырау, Өскемен қалаларының студенттері оқыды. Біз бір-бірімізбен достасып кеттік. Кітапхана экспозициялары ерекше әсер қалдырды. Бұл – Президентіміздің әлемдік деңгейдегі беделі мен аса құрметінің жарқын дәлелі. Мемлекет басшыларынан тарту етілген сыйлықтар қатары көз сүріндіреді, соның ішінде маған Пеленің қолтаңбасымен сыйға берілген тартуы қатты ұнады.

Студенттер семинардың мәдени ойын-сауық бағдарламасының керемет ұйымдастырылғанына ерекше алғыстарын білдірді.