Елбасы кітапханасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды.

Ынтымақтастық туралы Меморандум «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігімен арада бекітілді. Бұл уағдаластықтың басты мақсаттарының бірі - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жасампаз-шығармашыл идеялары мен бастамаларын ел ішінде және шет елдерде ақпараттық-имидждік тұрғыдан ілгерілету.

Бас редакторлар клубының президенті, «Жетінші арна» директорлар кеңесінің төрайымы Бибігүл Жексенбай өзара келісімге қол қою барысында мына жайтты айырықша атап өтті.
- Бұл – тарихи сәт. Біздің ұйымдарымыз арасында бүгін бекітілген меморандумның мағынасы мен мазмұны ерекше екенін баса айтқым келеді. Бас редакторлар клубының барлық мүшелері атынан Елбасы кітапханасына қоғамдық маңыздағы қызметі үшін үлкен жетістіктер тілеймін. Бірлесе атқарар жобаларымыздың көп болатынына үміттенемін.
«Бас редакторлар клубына» 253 республикалық және аймақтық БАҚ-тың бірінші басшылары – мүше.
Ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қою рәсімінен кейін Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысы мектептерінің Елбасы кітапханасының «Әлемді өзгертетін идеялар» жобасына қатысқан оқушыларына «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» курсын өткергені туралы сертификаттар табыстау салтанаты өтті.
- Бүгінде сіздерге үлкен үміт артылып, ел болашағы үшін зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Біздің Қазақстанымызды одан әрі нығайту ісін сіздер жалғастыратын боласыздар. Мемлекет басшысы сіздер өздеріңіздің барлық қабілеттеріңді ашып, дамыта алуларыңыз үшін, орасан зор күш-қуат жұмсауда. Сондықтан сіздер мемлекетке қызмет ету жолында аянып қалмауға тиіссіздер. Біздің семинар-тренингтеріміз – сіздер үшін Президентіміз «Қазақстан-2050» стратегиясында нақтылап берген жаңа Қазақстан жолындағы алғашқы қадам, - деп, Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков оқушыларға ақ жол тіледі.

Сертификат табыстау салтанатына, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай, Media Agency «Success» бас директоры, Бас редакторлар клубының вице-президенті Ләззат Көккөзова, «МИР» ХТРК Қазақстандағы бөлімшесінің бас редакторы Саида Жарқынова, «Адам және Заң» газетінің бас редакторы Марат Башимов, «Baq.kz» интернет порталының бас редакторы Серғали Балажан, Бас редакторлар клубының атқарушы директоры Әсем Есілбаева қатысты.

«Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингіне қатысушылар Елбасы кітапханасының басшылығы мен қызметкерлеріне ілім-білім көкжиегін кеңейтуге жағдай жасағаны үшін алғыс білдірді.

Еске салайық, Елбасы кітапханасы 2015 жылғы 1 қазан мен 2016 жылғы 1 шілде аралығында Астана, Алматы қалалары мен Қазақстанның барлық аймағы мектептерінің 9-10-сынып оқушылары мен колледждер, жоғары оқу орындарының 2-4-курс студенттеріне сабақтар өткізеді. Бұл оқыту шарасының мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өскелең ұрпақтың Қазақстан тарихына қатысты білім көкжиегін кеңейтуге жол ашатын және қазақстандық патриотизм құндылықтарын қалыптастыруға ықпал ететін тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын меңгерту. Семинар-тренингтің бағдарламасында оқыту сабақтары мен мәдени-білім беру шаралары қамтылады. Дәрістерді еліміздің белгілі ғалымдары, ғылым докторлары мен профессорлар өткізеді. Тәжірибе сабақтарына Елбасы кітапханасының экспозиция-көрме аумағында орналасқан интерактивтік үстелдер пайдаланылады. Екікүндік семинар-тренингтер апта сайын өткізіліп тұрады. Жоба барысында 3 000-нан адам қамтылады. Олар – оқу озаттары, белсенділер, дарынды және талантты жастар.

