Награждение почетным знаком «Тіл жанашыры-2015»

  6 қарашада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапаттау рәсімі өтті. Бұл награданы «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігі 2007 жылы бекіткен болатын және биылғы жылы ол 5-ші рет табысталып отыр. Бүгінгі күнге дейін 100 адам марапатталған.

    Номинанттарды белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, меценаттардан  тұратын арнаулы комиссия іріктейді. Білім, әдебиет пен өнер саласында, баспасөз ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіруге, оны дәріптеу мен насихаттауға зор үлес қосып жүрген қазақстандықтар мен шетел азаматтары құрметтеледі. Олардың ішінде отандық және шетелдік жазушылар, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері және мемлекеттік тіл мен қазақ мәдениетін дамыту мәселесінде әрдайым көмек көрсетіп жүрген меценаттар бар.
    «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы – ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы М. Қасымбеков жеңімпаздарды лайықты марапаттарымен құттықтады.
    «Тіл жанашыры» иегері болу – Сіздердің көпжылдық еңбектеріңіздің, белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз бен жоғары патриоттық сезімдеріңіздің танылуының белгісі. Сіздердей азаматтар барда, тіліміз өмір сүреді және өркендейді» деп атап өтті М. Қасымбеков.