МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ. К 115-ЛЕТИЮ Е.Г. БРУСИЛОВСКОГО

Осыдан 115 жыл бұрын, 12 қарашада Дондағы Ростовта композитор, қазақ музыкалық мұраларын жинақтаушылардың бірі, профессор, КСРО және ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Евгений Григорьевич Брусиловский дүниеге келді.

1931 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) консерваториясын бітірген музыкант өзінің шығармашылық қызметін қазақтың музыкалық фольклорын зерттеуге арнайды.

1933 жылы Евгений Брусиловский КСРО Композиторлар одағының жолдамасымен Алматыға келеді. Сол жылы қалаға қоныс тепкен Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Үрия Тұрдықұлова және Шара Жиенқұлова сынды талантты жастар бас қосады. 1934 жылы қазіргі Абай атындағы мемлекеттiк академиялық опера және балет театрында қазақ операсының қарлығашы – «Қыз Жібек» операсы қойылады. Е.Брусиловский өз естеліктерінде туындының сәтті шығуына қазақтың дарынды әнші-күйшілері зор үлес қосқандығын атап өткен. Композитор «Қыз Жібекте» халқымыздың отыздан астам әнi мен күйiн пайдаланып, шағын оркестрге оркестровкасын жасаған.

   Евгений Брусиловский өз естелігінде былай дейді: «Менің жолым болды, мен сол кезде көзі тірі Махамбет және Науша Бөкейхановтармен, Қали Жантілеуовпен, Дина Нұрпейісовамен танысып үлгердім. Сонымен бірге алыс қазақ ауылдарында халық музыкасын сол қалыпта сақтаған көптеген домбырашылармен таныса алдым. Мен дала бақсыларының қаруы болып саналатын қобыз дауысын ести алдым».

Е.Брусиловский қазақ музыка өнерінде еуропалық бағыттағы шығармашылық мектептің қалыптасуына мол үлес қосып, тоғыз қазақ операсын, екі балет, сегіз симфония, қазақ халық аспаптары оркестріне арналған шығармаларды жазған композитор. 1944 жылы Е. Брусиловский талантты композиторлар Мұқан Төлебаев пен Латиф Хамидимен бірлесіп Қазақ КСР Әнұранын жарыққа шығарады.

 «Егер біз Александр Затаевичке қазақ фольклорының ең жақсы үлгілерін сақтағаны үшін қарыздар болсақ, ал Евгений Брусиловскийге олардың рухани әлеуетін ашып, оларды әлемдік музыкалық мәдениеттің жауһарлары деңгейіне көтергені үшін қарыздармыз», - дейді профессор, музыкатанушы,  Наум Шафер.

1970 жылдан бастап Е. Брусиловский Мәскеуге қоныс аударып,  шығармашылығын сол жерде жалғасырды.  Оның  А. Зацепин, Б. Ерзакович, Б. Байқадамов, К. Мусин, К. Күмісбеков, Қ. Қожамияров, Е. Рахмадиев, Н. Меңдіғалиев, С. Мұхамеджанов, Л. Афанасьев, А. Жаныбеков, А. Бычков сынды танымал шәкірттері бар.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының кітап қорында 2005 жылы композитордың 100 жасқа толу мерейтойына орай Н. Кетегенованың редакторлығымен жарық көрген жинақ сақталған. Бұл басылымда Евгений Брусиловскийдің бай музыкалық мұрасына талдау жасалады, сонымен қатар замандас-музыкатанушылардың естеліктері, композитордың мұрағат материалдары мен хаттарына түсініктемелер беріледі.