МЕЖДУНАРОДНАЯ НАУЧНО-ПРАКТИЧЕСКАЯ КОНФЕРЕНЦИЯ «ИДЕНТИЧНОСТЬ И ЕДИНСТВО: КАЗАХСТАНСКИЙ ПУТЬ И МОДЕЛЬ Н.А. НАЗАРБАЕВА»

2017 жылдың 28 қарашасында Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және елорданы Астанаға көшірудің 20 жылдығына орай «Бірегейлік пен бірлік: Қазақстан жолы және Н.Ә. Назарбаевтың үлгісі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияны ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры және кітапханасы.

Конференцияда әлем елдеріндегі бірегейліктің қалыптасу мәселелерін қазақстандық тәжірибемен салыстыра талқылау, этносаралық және конфессияаралық келісімнің «Н. Назарбаев моделі» ретінде танылған қазақстандық үлгісі талқыланды.

Тақырыптық пленарлық сессия (модераторы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов) аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтау сөзін оқыды:

– Ұлттық бірегейлікті сақтау және дамыту – көп қырлы және жауапкершілік жүктелетін міндет. Оны тиісті деңгейде жүзеге асыру жаһандық өзгерістер дәуірінде дамытудың тұрақты кепілі болып табылады. Конференция барысында бірегейлікті қалыптастырудың түрлі мәселелері мен рухани жаңғырудың негізгі бағыттары қаралатынына сенімдімін. Бүгінгі шара ұлтаралық бірлік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін дамытуға ықпал ететіні сөзсіз.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев алғы сөзінде:

– Бүгінгі конференцияның Президентіміздің идеялары мен бастамаларын ілгерілетудің маңызды орталығы – Назарбаев орталығында өтіп жатқанының үлкен мәні бар. Біздің тағдырымызға еліміздің бақытты дәуірде өмір сүргенін көріп, тарихтың жарқын беттерін парақтау жазылыпты. Қазіргі Қазақстан Елбасының мемлекет пен қоғам қызметінің негізін жаңғыртуға бағытталған реформаларын жүзеге асыруда.

Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбековтың тапсырмасымен Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов қатысушыларға арнап сөз сөйледі:

– Біз барлығымыз «Қазақстан жолы» дамуының жүріп өткен 26 жылының бақытты куәгерлеріміз. Еліміздің өзіндік даму моделінің қалыптасу тарихын «Назарбаев моделі» ретінде бүкіл әлем мойындап отыр. Бірлік пен бірегейлікті нығайту біздің мемлекет, ұлт ретіндегі бұлжымас парызымыз.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев өз баяндамасында былай деді:

– Дін саласындағы саясат этносаралық қатынастағы саясатпен тең дәрежеде бірлік пен тұрақтылықты сақтаудың басты бағыттарының бірі болып табылады. Дін саласындағы саясат мемлекеттің діни бірлестіктермен жан-жақты ынтымақтастығы негізінде құрылады. Бүгінгі күні елімізде 3693 діни бірлестіктер бар. Конституция бойынша елімізде барлық конфессия тең құқылы, бір-бірінен ешқандай артықшылығы жоқ. Осы дәлел – көпұлтты және көпконфессиялы қоғамның тұрақтылығы мен бірлігінің негізі. Мемлекет рухани даму міндеттерін шешуде заңды діни бірлестіктерді өзінің серіктесі ретінде қабылдайды.

Конференция аясында «Назарбаев үлгісі»: әлемдік процестер тұрғысындағы қазақстандық тәжірибе» (модераторы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова), «XXI ғасырдағы бірегейліктің көпмағыналылығы» (модераторы – «Манас» Қырғыз-Түрік университеті әлеуметтану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Жылдыз Урманбетова), «Ұлттық код: тарихи бірегейлікті сақтау» (модераторы – Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айман Досымбаева), «Мәдени мұра ұлттық бірліктің өзегі ретінде» (модераторы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Тұрсын Ғабитов), «Бірегейлік, жаңғыру, тіл мен БАҚ» (модераторы – Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Әсима Ишанова), «Рухани жаңғыру: мәселелер мен шешімдер» (М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Раушан Әбділдина) панельдік сессиялары және пленарлық сессия (модераторы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев) жұмыс жасайды.

Конференцияға мемлекеттік органдар және ғылыми-сараптама қоғамдастығының, аналитикалық орталықтардың өкілдері; саясаттану, тарих, философия, әлеуметтану, этнология және басқа да гуманитарлық ғылымдар бағытындағы Қазақстан, Германия, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан ғалымдары мен зерттеушілерінен 130-ға жуық өтінімдер түсті.