ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ МЫҚТЫ РУХҚА ТӘРБИЕЛЕЙДІ

Үстіміздегі жылдың 19 қазанында Елбасы кітапханасында Астана қаласының Политехникалық және Гуманитарлық колледжінің студенттері «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» бағдарламасы бойынша оқуды тәмамдады.

Екі күн бойы курс тыңдаушыларына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың жаһандық бастамалары мен тұжырымдамалық идеяларын танып-білуге бағытталған дәрістер оқылды. Курс аясындағы тренингтер мен тәжірибелік сабақтар лидерлік қасиеттерді қалыптастырып, жобалық және сын тұрғысынан ойлауды дамытады. Бұған қоса, жас белсенділерге Елбасы кітапханасының Музейі және Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде экскурсиялар ұйымдастырылды.

Дәстүр бойынша семинар-тренингтің соңғы күні тыңдаушылар танымал тұлғамен кездесті. Бүгінгі кездесуге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) ішкі саясат және әлеуметтік зерттеулер бағдарламасының басшысы Серік Бейсембаев шақырылды.

Серік Бейсембаев – ұлт құрылысы, көші-қон және жастар саясатын зерттеу мәселелеріне мамандандырылған белгілі әлеуметтанушы, Астанадағы «PaperLab» пікірталас алаңының негізін қалаушы.

Спикер бүгінгі күні өзекті тақырыптардың бірі «Қазақстандағы еріксіз экстремизмнің алдын алу: жастардың рөлі» атты жобасын ұсынды. Сарапшы «Еріксіз экстремизм деген не және оның Қазақстанға әсері қандай?», «Неге экстремизмнің алдын алуға жастарды тарту қажет?», «Ол үшін жастар нақты не істей алады?» деген сұрақтарға сөз арасында жауап беріп отырды.

– Экстремизм Қазақстандағы кез келген жастың мәселесіне айналуы әбден мүмкін. Бұл өмірде ешкім сақтандырылмаған, – деп атап өтті баяндамашы.

Спикер қатысушыларды бүгінгі таңда жастарды радикалды ағымға бейімдейтін оқшаулану, өз ортасын таба алмау, қауіпті сезіну, реніш және көңілі толмау секілді бірнеше факторлармен таныстырды. Ақыл тоқтатпаған жастарды экстремизмге бейімдеу және оның қаншалықты зиян келтіретіні жөнінде әңгімеледі.

Сарапшы студенттер арасында туындаған сұрақтарға да жауап бере отырып, кездесуді интерактивті үлгіде өткізді.

Кездесуді қорытындылай келе, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова спикер ұсынған тақырып жастардың қызығушылығын туғызғанын атап өтті.

– Жаһандану үдерісінде шекаралар айқара ашылып, мәдениеттер арасында тәжірибе алмасу басталады. Күтпеген оқиғалар орын алып жатады. Терроризм мен экстремизмнің таралуы, өкінішке орай, бүгінгі жаһандық әлемнің басты мәселесі. Біздің мәдени-тарихи кодымызға жат дүниені ажырата біліңіздер. Радикалды ағымдардың жағымсыз факторларына қарсы тұру сіздердің білім деңгейлеріңізге, рухани күш-жігер және ұстанымдарыңызға тікелей байланысты. Мұны Елбасымыз әрдайым айтып отырады. Себебі, біздің болашағымыз – сіздерсіздер!

Кездесу соңында «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тиренингінің 53 қатысушысына салтанатты түрде сертификаттар тапсырылды.