11 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының қорытынды шаралары ұйымдастырылды.
«Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының басты шарасы - өңір жеңімпаздарын марапаттау болды. Салтанатты марапаттау шарасын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов ашты.
Сондай-ақ, шараға Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары Надежда Нестерова және Розақұл Халмурадов, М.Горький атындығы Мемлекеттік Академиялық орыс драма театрының директоры Еркін Хасенов қатысты.
Сөз алған Б.Жұмабеков жиналғандарды келе жатқан мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
- Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» жобасы өте сәтті өтті. Оның аясында Қазақстанның барлық өңірінлеріндегі өзге ұлт өкілдерінің 40 мың баласы мемлекеттік тілді үйренді. Өскелең ұрпақ қазақ тілін дамытудағы істі одан әрі жалғастырады деп үміттенемін, - деді Б.Жұмабеков.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының қорытынды шаралары барысында «Қазақстанның тіл саясаты саласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі» тақырыбында республикалық семинар және «Қазақстан – дала өркениетінің мұрагері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күніне арналған дөңгелек үстелді Елбасы Кітапханасы Мемлекет тарихы институты, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым Министрлігінің қатысуымен ұйымдастырды.
«Қазақстан – дала өркениетінің мұрагері» атты дөңгелек үстел модераторы Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Куанышев шараның мақсаттарын айқындап берді.
- Бүгін біз егеменді елдің құрылу мен даму тарихын, тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлін, қоғамның демократизациялануын, халықты біріктіріп, бейбіт өмір мен келісімді нығайту процессіндегі Президенттің еңбегін талқылау мақсатында жиналып отырмыз, - деді ол.

«Қазақстан – дала өркениетінің мұрагері» дөңгелек үстеліне отандық тарихшылар мен жас ғалымдар қатысып, мемлекет тарихы, ұлттық идея, әлем қауымдастығына кірігу, мәдени мұраны сақтау және т.б. өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Дөңгелек үстелдің нәтижесі бойынша тарихи білімдердің, жәдігерлер мен ғылыми тұжырымдардың негізінде Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттеу бойынша жұмысты жалғастыру; университеттермен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен, музейлермен, мұрағаттармен, кітапханалармен ынтымақтастық, тәжірибе алмасуды жандандыру; ғылыми жұртшылықтың арасында ұлттық тарихтың өзекті мәселелерін танымалдандыру мақсатында дөңгелек үстелге қатысушылар мақалаларының топтамасын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының сайтында жариялану жөніндегі қарар қабылданды.
Қонақтар Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында жұмысын бастаған Президентке берілген шетел мемлекеттерінің жоғары наградалар көрмесін, «Әлем қадірлеген Елбасы» - «Лидер, признанный миром» көрмесін, «Қазақстанда президенттік институттың қалыптасуы мен дамуы» интерактивті көрмесін, «Тәуелсіздік және Тұңғыш Президент» кітап көрмесін, «Елбасы жолы – Путь Лидера» баспасөз басылымдарының көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, Елбасы кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясы дайындаған мемлекеттік тіл мен этнос тілдерін дамыту саласындағы әдістемелік әзірлемелердің көрмесі өтті.


