КОНСТИТУЦИЯ – ОСНОВА ГОСУДАРСТВА, ТРИУМФ НЕЗАВИСИМОСТИ

Қазақстан Республикасы Коституциясының 25 жылдығына орай Елбасы кітапханасы Тараз сервис және технология колледжімен бірге онлайн-семинар өткізді. Оған Мемлекет тарихы институты, Тараз облыстық техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының өкілдері, колледж оқытушылары қатысты..  

Құттықтау сөзді оқыған Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері Әсия Оспанова  тыңдаушылармен бірге Конституцияның қалыптасу тарихына көз жүгіртті. Баяндама барысында ол  «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысын» талдады. Ғасырлар бойы қалыптасып, жетіліп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен бұл заң жарғылары Қазақстан Республикасының Конституциясымен сабақтас.

1995 жылы референдум арқылы қабылданған Ата заңымыз еліміздегі тұрақтылық пен келісімнің кепілі болып отыр. Мемлекеттің егемендігі мен президенттік билікті нығайтып, адам құқығы мен бостандығын басты құндылыққа балаған заңға дауыс беруде 81,1 пайыз ел азаматтарының 90 пайызы қолдау танытқан еді. Ата заңымызды дайындауда, көп жылдық орасан зор еңбекті талап еткен жұмыстың бастауында  Елбасы Н.Ә. Назарбаев тұрды. Сол бір күрделі кезеңде жанына миллиондаған қазақстандықты топтастырып, оның жобасын жасауда идеяның қозғаушы күші болған Елбасының өзі Конституция туралы былай дейді: «Бұл құжат бүгінде біздің өмірімізге арқау болып, мемлекетімізді қалыптастырып, тәуелсіздігімізді нығайтып отырған негізгі заңға айналды. Қазақстанның жетістіктері халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалғаны айдан анық. Біз ширек ғасыр ішінде экономикамызды өсіріп, қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсарттық. Жұртшылық өздерінің діни салтын еркін ұстанып, өз ана тілінде сөйлей алатын, сондай-ақ мәдениетін сақтайтын көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет құрдық».

Семинар соңында қатысушылар Ата заңның мемлекет пен халықтың тұрақты дамуына, өркениетті ел ретінде танылуына, экономиканың өркендеуіне кепіл болатынына сенім танытып, оны ардақтауды ортақ парыз  деп қорытындылады.