Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасына түрлі ұйымдар мен жекелеген адамдардан бірнеше кітап сыйланды.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, аудармашы, қоғамдық қайраткер Мырзагелді Кемел өзінің «Ақыл қалта» кітабын сыйлады. Еңбекте Конфуций, Сенека, Панчатантра, Лао-цзы секілді әйгілі ойшыл данышпандардың, кемеңгерлердің, адамзат ақыл-ойының жауһарлары жинақталған. Мырзагелді Кемел Елбасы кітапханасына «Ақыл қалта» кітабының қазақ және қытай тілінде жарық көрген нұсқаларын сыйға тартты. Кітап төте жазумен және біздің елде қолданылатын кейбір халықаралық сөздердің терминдері шетелдегі отандастармызға түсінікті ұғымда жазылған.
Келесі еңбек «Болашақ» Қауымдастығынан. «Bolashak business cases» атты 31 кейстен тұратын тұңғыш қазақстандық бизнес-кейстер жинағы. Онда еліміздің ірі компанияларының топ-менеджментін қамтитын, отандық бизнес-практиктер тәжірибелерінің нақты кейстері еңгізілген. Барлық кейстер стратегиялық жоспарлау, қаржылық жобалау, еңбек өнімділігін арттыру және инвестициялық қорды басқару және т.б. мәселелерден тұратын отандық бизнес қызметтерімен байланысты мәселелерді қамтиды.
Елбасы кітапханасының қорын толықтыруға Қазақстандағы Беларусь Республикасының елшілігі өз үлесін қосты.
«Александр Лукашенко. Контуры белорусской модели» атты кітапта - бүгінгі Беларусь, Президент Лукашенко туралы баяндалады. Авторы белгілі ресейлік тарихшы, КСРО және Ресейдің көптеген басшыларының саяси биографиясы туралы қалам тербеп жүрген Рой Медведев.
Келесі кітап Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың авторлығымен 1998 жылы Женевада ағылшын тілінде жарық көрген «Belarus Tomorrow» деп аталады.
Елбасы кітапханасының қорында жинақталған кітаптар түрлі тақырыптарды қамтиды. Әйелдер мәселесіне қатысты еңбектерді де Кітапханадан табуға болады. Астанада өткен Әйелдердің IV Еуразиялық Саммиті аясында 16 өңірлік кітаптың тұсауы кесілді. Соның «Қазақстанның қанатты әйелдері – Окрыленные женщины Казахстана» кітаптары мен «Жан қанаты – Крылья души» кітаптары Елбасы кітапханасына сыйланды. Туындыларда Қазақстанның іскер әйелдерінің 20 жылдық қызметі туралы жазылған. «Жан қанаты – Крылья души» туындысы Қауымдастықтың құрылу тарихы мен қызметі туралы баяндап қана қоймайды. Сонымен қатар, әйел адамның қоғамдағы рөлінің артуы, мемлекеттің гендерлік саясатын іске асырудағы сіңірген еңбегі секілді мәліметтер кеңінен қамтылған.



