КНИЖНЫЕ КОЛЛЕКЦИИ БИБЛИОТЕКИ ЕЛБАСЫ. «КАЗАХСКИЕ НАРОДНЫЕ ОБЫЧАИ» – В ПОДАРОК ПРЕЗИДЕНТУ

Біз оқырмандарды Елбасы кітапханасының кітаптар топтамасы басылымдарымен таныстыруды жалғастырамыз.

Танымал графикалық суретші және жазушы Ералы Оспанұлының 2010 жылы Президентке тарту еткен «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабы Елбасының Жеке кітапханасында сақтаулы.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біздің кәсіби ізденістеріміз, көп жылдық зерттеулер мен табанды еңбегіміздің нәтижесі ретінде Сізге аса құрметпен және шынайы ізетпен ұсынамыз», – деген автордың қолтаңбасы жазылған.

Бұл альбом-кітабы оқырмандарға ата-бабамыздан мұраға қалған салт-дәстүрлерден (соның ішінде қазір ұмыт болған) және олардың өмірлік мән-маңызын ұғынумен қатар, графика өнерінде көруге мүмкіндік береді. Иллюстрациялар қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі түсініктемелермен берілген. Автор аталмыш кітабында «Адамның дүниеге келуін, балалық шағын, жастық шағы мен шаңырақ көтерудегі қазақтың салты мен дәстүрін, әдет-ғұрпы мен рәсімдерін бейнелейтін тұтас бір дүние жасауға талпынғанын» айтады. Бұл кітаптың басты міндеті – өзіңнің шыққан тегіңді, халқыңның тарихы мен мәдениетін танып-білуге баулу, ең маңыздысы оны келешек ұрпаққа қастерлеп жеткізу.

Кітаптың алғы сөзінде белгілі антиквар және коллекционер Ұлан Жакеев: «Маған әр халықтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, рәсімдері сол халықтың рухани айнасы іспетті. Сондықтан бұл альбом, ең алдымен, қазақ халқының рухани құндылықтарына деген қызығушылықты арттырып, «Біз қайданбыз, кімбіз және қайда барамыз?» секілді сұрақтарға жауап беруге жәрдемдеседі», – деп жазады.

Ералы Оспанұлы 1960 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Шымкент көркемсурет мектебін, кейін Ә. Қастеев атындағы көркемөнер училищесін «Суретші-безендіруші» мамандығы бойынша бітірген. 1986 жылы А.Н. Островский атындағы Ташкент мемлекеттік театр және көркемөнер институты Станок бөлімін «Кітап графикасы» мамандығы бойынша тәмамдады. Оқу бітірген соң Шымкентке оралып, еңбек жолын Ә. Қастеев атындағы көркемөнер училищесінде оқытушы қызметінен бастайды.

23

Ералы Оспанұлы – көне гравюра мен фотосуреттер негізінде салынған графикалық жұмыстардың авторы. Оның еңбектері Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де танымал. Қылқалам шеберінің туындылары Christie’s ежелгі әлемдік аукциондық лотада, АҚШ-тың Warmstreetsgallery көрмесінде ұсынылған. Алматыдағы М. Әуезов атындағы метро станциясына сән беріп тұрған Е.Оспанұлы туындылары «Empire» компаниясының ұлттық кәдесыйларында да қолданылады.

Еске салсақ, 2015 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасында қазақтың ежелгі салт-дәстүрлерінен сыр шертетен 90 иллюстрация енген «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабының кеңейтілген екінші басылымының тұсаукесері өткен болатын. Сондай-ақ, экспозицияда Ералы Оспанұлының этникалық графика бойынша сыншылар мойындап, жоғары бағалаған жұмыстары ұсынылған.