«ИСТОРИЯ СТРАНЫ В ЭКСПОНАТАХ, КНИГАХ И АРХИВНЫХ ДОКУМЕНТАХ БИБЛИОТЕКИ ЕЛБАСЫ»: ГОСУДАРСТВЕННЫЙ ВИЗИТ В УЗБЕКИСТАН

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қоры Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың белсенді сыртқы саясатын айқындайтын жаңа жәдігерлермен жүйелі толығып отырады.

Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанға мемлекеттік сапар шекті. Бұл сапардың екі ел үшін стратегиялық маңызы өте зор. Келіссөздер барысында мемлекет басшылары күн тәртібіндегі өңірлік өзекті мәселелерді және Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасын кеңейтудің негізгі сұрақтарын талқылады.

Мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг барысында Нұрсұлтан Назарбаев: «Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен аз ғана уақыт ішінде осымен алтыншы рет жүздесіп отырмыз. Бұл – біздің стратегиялық ынтымақтастығымыз бен екіжақты қарым-қатынасымыздың қарқынды дамуының жарқын үлгісі», – деді.

Көрші мемлекет пен оның басшысы үшін Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасының орны ерекше. Елбасы биік беделінің, көрегендігі мен парасаттылығының арқасында бауырлас халықтардың ортақ мүддесі үшін теңдессіз жұмыстар атқарылды.

2017 жылдың 16 қыркүйегінде Н. Ә. Назарбаев Өзбекстанға мемлекеттік сапары барысында екі ел арасындағы дәстүрлі достық қатынас пен стратегиялық серіктестікті тереңдетуге және кеңейтуге, сондай-ақ бейбітшілік пен даму жолындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін «Эл-юрт хурмати» орденімен марапатталды.

«Эл-юрт хурмати» ордені («Отан және халық құрметі») – Өзбекстан Республикасының ұлттық мемлекеттік наградасы. Орден республика беделін көтеруде, лайықты өмір сүру жағдайын жасауда, өскелең ұрпақтың қабілеті мен талантын жүзеге асыруда көптеген ұлы да игі істер жасаған, аянбай табысты еңбек еткен азаматтарды ынталандыру үшін 1998 жылдың 28 тамызында Өзбекстан Республикасының Заңымен бекітілген.

Сонымен қатар, Өзбекстан Президенті Ш. Мирзиёев Н. Ә. Назарбаевқа Самарқанның орталық алаңы – «Регистанның» макетін сыйға тартты. Орталық Шығыс қалаларының басты алаңдарын «Регистан» деп атаған. Самарқанд алаңы XV–XVII ғасырдағы атақты сәулет өнерінің орталығы саналатын Ұлықбек медресесі (1417–1420), Шердор медресесі (1619–1636), Тилля-Кари медресесі (1646–1660) орналасқан танымал регистан болып табылады. Үш медресенің үйлесімділігі қала құрылысы өнерінің бірегей үлгісі және қаланың бас алаңын көркемдеудегі тамаша сәулет өнері, сондай-ақ парсы сәулетінің жарқын көрінісі болып табылады.

2001 жылы осы үш медресе Самарқандағы басқа да көне тарихи ғимараттармен бірге Бүкіләлемдік ЮНЕСКО мұрасының тізіміне енгізілді.

Жуырда жаңа жәдігер Елбасы кітапханасының экспозициясында ұсынылатын болады.