Игра для сильных стратегов. Итоги Республиканского турнира по тогызкумалак

Еліміздің кіл мықты тоғызқұмалақшылары Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеуге арналған «25 жұлдызды күн» аясында спорттық жетістіктерін бағамдады. Бүгінде қазақтың ұлттық ойынына 200 мыңнан астам қазақстандық жас пен жасамыс ден қойған. 190 мыңын мектеп оқушылары құраса, кәсіби спортшылардың қатары 9 мыңға жетіп отыр. Олардың бір парасы екі күндік республикалық турнирде тоғысты. 8 облыстың және Астана мен Алматы қалаларының үздік ойыншылары өзара бақ сынады.

0U3A1327

– Әлемнің 25 мемлекетінен өкілдер қатысатын әлем чемпионаттарының өтуі, тоғызқұмалақтың жаңаруы, мәдени мұрамызбен қайта қауышу – тек тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болып отыр. Оны күнделікті өмірден байқамайтын боларсыздар. Бірақ тәуелсіздіктің әрбір күні рухани құндылықтарды сіңіруге мүмкіндік беріп отыр. Елбасының кітапханасы ғасырлар бойы адамзаттың жинаған ғылымын және білімін келер ұрпаққа жеткізетін орын. Тәуелсіздігіміздің 25 жылындағы тәжірибені осы орда арқылы жас буын түсініп, ширек ғасырдың ішінде еліміздің абыройға жеткеніне куә болады. Бүгінгі жарысқа қатысушылар тоғызқұмалар арқылы білімді, зердені жетілдірумен қатар ұлттық спорттың дамуына күнделікті үлес қосып келесіздер, - деп атап өтті Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов.

0U3A1333

– Тарихи тамыры тереңге бойлайтын қазақтың тоғызқұмалақ – ата-бабаларымыздың асыл мұрасы. Оны көздің қарашығындай сақтауға және дамытуға сіздердің қосқан үлестеріңіз ұшан-теңіз. Ұлттық ойынымызды жас спортшыларымыз елімізде ғана емес, шетелде де дәріптейтіні көңілге қуаныш ұялатады. Биылғы жылы Елбасы кітапханасында тоғызқұмалақтан турнир екінші мәрте өткізіліп отыр. Оның арқасында ұлттық ойынымыз қанатын кеңге жайып, дәстүрлі құндылықтарымыз да жаңғырғанын ерекше атап өткім келеді, - деп республикалық турнирге қатысушыларды Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Қуанышев құттықтады.

Жылдам есептеуді және тапқырлықты талап ететін жарыс дене шынықтыру факультеттерінің студенттерін және салауатты өмір салтын ұстанатын жастарды тоғыстырды. 40 минутқа созылған әрбір ойын тартысты өтті. Жас спортшылардың барлығы жеңіске жетуге тырысты. Республикалық деңгейдегі сайыстың қорытындысы бойынша ұлдар арасында ақтөбелік Азамат Қайдаровқа тең келері табылмады. Нәзік жанды тоғызқұмалақшылар ішінде Лина Каримованың асығы алшысынан түсті. Павлодарлық Анастасия Фоос өзінің туған күнінде 3 орынды жеңіп алды.

0U3A1454

– Жарыс оңайға соқпады. Қарсыластарым мықты болды. 7 ойынның 5-уінде жолым болды. Оның әрқайсысында уақытымды үнемді пайдаланып, әрбір қадамды екшелеуге тырыстым. Оның арқасында алтын медальды тағындым. Енді 2017 жылғы федерация кубогына дайындықты қамшылаймын. Менің барлық жетістіктерім - 8 жылдың еңбектің нәтижесі. Бүгінде ұлттық ойынымызды сіңліме үйретуге кірістім. Келешекте тоғызқұмалақ бойынша білікті жаттықтырушы атанғым келеді, - деп өзінің әсерімен Тоғызқұмалақтан республикалық турнирдің жеңімпазы, Азия чемпионы Азамат Қайдаров бөлісті.

0U3A1436

– Мен үшін тоғызқұмалақ әлемі 11 жыл бұрын ашылды. Анам - алғашқы жаттықтырушым. Бұған дейін одан жеңілсем, енді жеңемін. Бұл жолғы жарыста денсаулығым сыр берді. Маған салқын тигендіктен, қарсыластарымның мысы басым түсе ме деп сескендім. Бірақ өзімді аямай, бар күш-жігерімді жұмсап, бірінші орынды иелендім. Қоржынымда 20-ға жуық медаль бар. Қазір біліп-түйгенімді Шымкент қаласындағы балаларға үйретіп жүрмін, - деп өзінің пікірін Тоғызқұмалақтан республикалық турнирдің жеңімпазы, спорт шебері Лина Каримова алға тартты.

Ұлттық спорт ойынының майталманы Серік Ақтаев жастардың шеберлігіне жоғары баға берді.

0U3A1460

– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Кіл мықты жастар ептіліктерін сынға салып, қызықты ойын өрнегін паш етті. Бүгінде тоғызқұмалаққа қызығушылық артып келеді. Соңғы 10  жылда ұлттық ойынға бет бұрғандардың қатарын 100 мың қазақстандық толықтырды. Қазақтың мәдени мұрасы жер-жаһанда да спортшыларды тоғыстырады. Биылғы желтоқсан айының ортасында Бішкекте ересектер арасында ІІІ Азия чемпионаты өтеді. Байрақты бәсекеде ұлттық құрамамыз өнер көрсетеді. Өзім де жарысқа қатысамын, - деп келешекке межеленген жоспарларын екі дүркін әлем чемпионы, «Қазақстан Республикасы тоғызқұмалақ спорты федерациясы» ЗТБ атқарушы директоры Серік Ақтаев жіпке тізді.

Жарысқа қатысушылардың барлығы алғыс хатпен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

0U3A1418