Елбасы кітапханасында «ТҰҢҒЫШ-ПЕРВЫЙ» атты деректі фильмдер онкүндігі жалғасуда.
25 қараша күні көрерменге «Нұрлы жол – бірлік шұғыласы» туындысы көрсетілді. Бұл деректі фильм жыл сайын Қазақстан халқына жасалатын Президент Жолдаунда айтылған елдің жаңа экономикалық саясаты туралы. Қазақстандықтар жаһандық экономиканың диагнозын естіп қана қоймай Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған нақты іс жоспарымен танысты.
Көрсетілімге С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері және Елбасы кітапханасына «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингке қатысу үшін арнайы Астанаға келген Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің және Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері қатысты.
Кездесуге педагогика ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасының педагогика ғылымдары Академиясының академигі Ғалиябану Кертаева қатысты. Ол өз сөзінде өскелең ұрпақты қазірден «Нұрлы жолдың» бір бағытын таңдап, сол бойынша өмірін құруға шақырды:
- Болашақта өздеріңіз, сіздердің балаларыңыз, немерелеріңіз дұрыс өмірлік стратегия таңдауы үшін, сіздер сол идеяны білулеріңіз керек, «Нұрлы жолын» көріп, сол жолдың жеке траекториясын таба білулеріңіз керек. Сіздер біздің болашағымызсыз болғандықтан, өмірлеріңіз бен ойларыңыз дұрыс, оңды болуы үшін біздің алға қойған мақсатымыз сіздерге Президентіміздің стратегиясын терең ұғындыру, - деді Г.Кертаева.
Сондай-ақ, студенттер үшін Елбасы кітапханасы бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Олар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының өмірі және еңбек жолына арналған экспозициялармен танысып, Н.Ә. Назарбаевтың бастамалары және идеяларымен жақынырақ танысты.
Ертең, 26 қарашада сағ.: 15.00-де «Нұрлы жол – лучи единства» фильмінің көрсетілімі өтеді. Баршаңызды тамашалауға шақырамыз!


