ДИАЛОГ ПОСРЕДСТВОМ КУЛЬТУРЫ. ВЫСТАВКА К 25-ЛЕТИЮ УСТАНОВЛЕНИЯ ДИПЛОМАТИЧЕСКИХ ОТНОШЕНИЙ МЕЖДУ КАЗАХСТАНОМ И РЕСПУБЛИКОЙ БЕЛАРУСЬ

Үстіміздегі жылдың 21 қарашасында Елбасы кітапханасы Музейінде «Несвиж сарай-саябақ кешені – әлем мәдениетінің игілігі» фотокөрмесінің ашылу рәсімі өтті. Көрме кітапхананың «Мәдениет арқылы үн қатысу» халықаралық жобасының аясында Қазақстан Республикасындағы Беларусь Республикасының Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды. Көрме Қазақстан және Беларусь арасында орнатылған дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына орай іс-шаралар қатарын ұсынатын оқиға болды.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов алғы сөзінде аталмыш шараның маңыздылығын атап өтті:

– Екі ел арасында орнаған дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығында тарихи қалыптасқан екі жақты байланыс одан әрі нығая түскенін зор мақтанышпен айта аламыз. Мәдениет саласындағы Қазақстан-Белорусь ынтымақтастығына тән өзара сенімге құрылған нәтижелі байланысты ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі ашылғалы отырған фотокөрменің Астана қаласындағы Қазақстан Президентінің тұңғыш резиденциясының ішкі сәулетімен үйлесім табуы – мәдениетаралық қатынастың жарқын көрінісі. Жуырда Елбасы кітапханасы орналасқан «Назарбаев орталығы» ғимаратында Франциск Скоринаның 500 жылдығына орай шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – тәуелсіздік алғаннан бері жинақталған өзара ықпалдастықтың нәтижесі.

Қазақстан Республикасындағы Беларусь Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Анатолий Ничкасов:

– «Несвиж» кешені – сәулет өнері және дін, халықтың әдет-ғұрпы мен дәстүрінің даму тарихы, халқымыздың мәдени нышаны деуге болады. 500 жылдық тарихы бар бұл кешен – орта ғасырдағы Еуропаның тарихи-мәдени нысаны.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева БАҚ-қа берген сұхбатында:

– 2017 жыл мерейтойлық күндерге толы, көпшілігі Қазақстанның басқа мемлекеттермен дипломатиялық қатынастар орнатуымен байланысты, соның бірі – стратегиялық серіктесіміз Беларусь Республикасы. Кеңес Одағы кеңістігінде қалыптасқан Белорусь Республикасымен өзара ынтымақтастық маңызды геосаяси байланыстың іргетасы болды. Бізде Белорусь елінің музей және кітапхана мекемелерімен тығыз іскерлік байланыс орнады. Мысалы, былтырғы жылы Беларусь Ұлттық тарихи музей қорынан «Жарық пен көлеңке. Лев Дашкевичтің фотосуреттері» қызықты көрмесін өткіздік. Осы ғимараттан «Несвиж сарай-саябақ кешені – әлем мәдениетінің игілігі» көрмесін тамашаладық. Біз Радзивилловтар әулеті бір кездері би кештерін өткізген бекініс залдарын, ішкі интерьер үйлесімділігін көз алдымызға елестетеміз. Біздің Музейіміздің ішкі көрінісі де көрме материалдарына өте жақын.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, көрменің негізінде екі елдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау және насихаттаудағы мемлекеттік саясат жатыр. Қазақстан Республикасының 2004 жылы жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның көпұлтты халқының бай тарихи-мәдени игіліктерін зерттеу және насихаттау ісінде өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік берді.

Көрменің материалдарын «Несвиж» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы» ұсынды. Несвиж бекінісінің тарихы терең. XVI ғасырдың бірінші жартысында Несвиждің иесі Еуропадағы байлардың бірі Радзивиллов әулеті болды. Бекініс озық фортификациялық жүйелермен жабдықталған, осы жылдар ішінде бекініске талай рет басқыншылар қауіп төндірген.

XVIII ғасырда қайта құрудан кейін сарайда музыкалық капелла, сондай-ақ сарай маңы театры құрылды. Князь сарайында Ұлы Литва князьдігінің мұрағаты, 20 мың томға есептелген ірі жеке кітапхана, мыңға жуық көркемсурет туындыларының коллекциясымен картина галереясы орналасқан.

Бекініс бірнеше рет қайта салынып, нәтижесінде ренессанс, барокко, рококо, классика, неоготика, жаңғырту сынды көптеген сәулет стильдері үйлескен сарай атағына ие болған. XIX ғасырдың соңында Несвиж сарайының маңына Еуропадағы ең ірі ландшафтылы саябақтардың бірі іргесін қалады.

1993 жылы құрамына бекініс енетін Несвиж ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы құрылды.

2005 жылы Несвиж сарай-саябақ кешені ЮНЕСКО-нің Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енді. 2004–2011 жылдары Несвиж бекінісінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бұл – сәні мен салтанаты жарасып, туристердің көз айымына айналған Белорусь елінің ең көрікті сарай-саябағы.

«Несвиж сарай-саябақ кешені – әлем мәдениетінің игілігі» фотокөрмесі елорда тұрғындары мен қонақтарына Беларусь жұртының тарихи-мәдени мұрасы, сәулет өнері мен көркемдік дәстүрі жөнінде көбірек білуге мүмкіндік береді.

Көрме 2017 жылдың 4 желтоқсанына дейін жалғасады.