ЧЕТВЕРТЬ ВЕКА НА ПЕРЕДОВОЙ. НАУЧНО-ПРАКТИЧЕСКАЯ КОНФЕРЕНЦИЯ, ПОСВЯЩЕННАЯ 25-ЛЕТИЮ ДИПЛОМАТИЧЕСКОЙ СЛУЖБЫ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН

Бүгін  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің 25 жылдығы: қорытынды, жетістіктер, болашаққа көзқарас» ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.

Келелі жиынды Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, Қор жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты бірлесе ұйымдастырып отыр.

Пленарлық отырысты ашқан ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің барлық елдерімен және халықаралық ұйымдармен өзара тиімді ынтымақтастық пен прагматизм қағидаларына негізделген қарым-қатынастың сенімді жүйесі қалыптасқанына тоқталды: «Тұңғыш Президенттің көреген сыртқы саяси бағдары арқасында Қазақстан әлемдік аренада тұрақтылықтың негізгі, мемлекеттік дамытудың қарқынды және жарқын үлгісі ретінде қабылдануы заңды. Еліміз ядролық қарудан бас тарту саласында мойындалған көшбасшыға, мәдениеттер, діндер мен өркениеттер сұхбатында белсенді модераторға айналды.  Бүгінде Қазақстан әлемнің жаһандық және аймақтық мәселелерін шешуге тең жағдайда қатысады және үлес қосады».

Конференция аясында Нұрлан Онжановтың «Бітімгер: Сирия түйіні» кітабының тұсауы кесілді. Сиясы кеппеген тың басылым Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сириялық дағдарыстан шығу жолдарын іздестіруге бағытталған белсенді әрекеттері және Елбасының Ресей мен Түркия арасындағы шиеленісті реттеудегі маңызды рөліне арналған. Бұл – Елбасының халықаралық аренадағы медиаторлық қызметіне арналған «Бітімгерден» кейінгі екінші кітап.

– Біздің сындарлы және бейбітсүйгіш сыртқы саясатымыз бен көреген халықаралық бастамаларымыз дүниежүзілік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып отыр. Қазақстан жауапты әрі тұрақты әлем мемлекеттерінің қатарына нық қосылды. Сыртқы саяси координаттар жүйесінде өзінің беделді де лайықты орнын таба алды. Мұндай жетістіктер Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты екендігі сөзсіз, - деп өзінің ойымен Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Онжанов бөлісті.

Әртүрлі жылдары еліміздің мүддесін Бельгияда, Нидерландыда, Люксембургте және ЕО мен НАТО-да ілгерілеткен «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов те өткенді ой елегінен өткізді:

«Бұл тек дипломатияның ғана емес, өмірдің үлкен мектебі болды. Сол жерде жинаған тәжірибемде бүгінде өзімнің күнделікті қызметімде кәдеге жаратамын. Біздің дипломатиялық жұмысымыз ауқымды әлемдік тәжірибеге, Елбасымыздың халықаралық деңгейдегі мәртебесіне негізделді. Біздің ядролық қаруға қарсы бағдарламаларымыз және ықпалдастық жобаларымыз Қазақстанның ашық және бейбітсүйгіш беделін нығайтты. Бұл бағытта дипломаттардың еңбегі зор екендігі даусыз. Біз барлығымыз бұл қаншалықты күрделі, қиын және игі миссия екендігін түсінеміз. Бүгінде қазақстандықтар Астанадан тысқары жерге шықпай, 115 мемлекетпен таныса алуы – бірлескен жұмыстың нәтижесі».

Пленарлық отырысқа  қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің төрағасы Мәулен Әшімбаев отандық дипломатияның жетістіктері мен жемістерін жіпке тізді.

Келелі басқосу барысында сөз алған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов: «Қазақстандық көшбасшының бірегейлігі жаһандық сын-қатерлердің шешімін іздестіруде және жалпы әлемдік ынтымақтастықтың жаңа үлгілерін дамытуды жарқын байқалды. Жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған табысты сұхбат алаңдары – оның бір айғағы. Елбасының бастамасымен және тікелей қатысуымен ЕурАзЭҚ, АӨЫСШ, ШЫҰ және басқа құрылымдар бүгінде халықаралық сұхбаттың белсенді қатысушыларына айналып, еліміздің сұхбатқа және әріптестікке бет алғанын паш етеді. 25 жыл ішінде Елбасымыз әртүрлі деңгейдегі мінберлерден көптеген идеяларды алға тартты. Олардың дені өмірге жолдама алып, белсенді даму үстінде. Мұны біздің Кітапханамызда «әлемді өзгертетін идеялар» деп атаймыз», - деп атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының Кітапханасы және Қоры бірлесе күнделікті қызметінде Мемлекет басшысының идеялары мен бастамаларын дәріптеуге септігін тигізеді.

Конференция жұмысы қос секция бойынша жалғасын тапты: «ҚР дипломатиялық қызметтің қалыптасуы мен дамуы: қорытынды және жетістіктер», «Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы алдағы басымдықтары». Оның алғашқысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов модераторлық етті.

– Мемлекет басшылығы үшін талдамалық құжаттарды әзірлеу бағытында Кітапхананың Талдау орталығы бірнеше жылдардан бері ҚР Сыртқы істер министрлігімен қоян-қолтық қызмет етеді. Оның аясында көптеген бірлескен іс-шараларды ұйымдастырамыз. Жылда танымал дипломаттардың, халықаралық сарапшылардың қатысуымен бірқатар ірі конференциялар мен форумдар өткізіледі. Биыл біз аталмыш ведомствомен ықпалдастық туралы меморандумға қол қойдық, - деді ол.

Тәуелсіздік жылдары отандық дипломатияның қанатын қатайтқан, Қазақстан мен басқа мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға үлес қосқан жандар да пікірлерімен бөлісті.

– Өткен 25 жыл ішінде Тұңғыш Президенттің қолдауы мен қамқорлығы арқасында Қазақстанның дипломатиялық қызметі 25 жыл ішінде тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатын жүзеге асырудың кәсіби және тиімді тетігіне айналды, - деп өзінің баяндамасында бұрынғы ҚазКСР/ҚР Сыртқы істер министрі, Қазақстанның БҰҰ жанындағы бірінші тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекова.

Жиынға ҚР шет мемлекеттердің қазіргі және бұрынғы елшілері, халықаралық дипломатиялық ұйымдардың, талдау орталықтарының, өкілдері, сарапшылар қатысты.

Конференция қатысушылары Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің 25-жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан дипломатиялық қызметінің 25 жылдық тарихынан» фотосуреттер көрмесімен танысты.