25 основ Независимости: спортивные достижения

Еліміздің мерейлі белесіне арналған «25 жұлдызды күн» аясындағы мерекелік шаралар легі жалғасын табуда. Бүгін Елбасы кітапханасында спорт саласындағы толайым табыстар паш етіліп, салауатты өмір салты дәріптелді. Рухани орданың спорттық жәдігерлерін Экспозиция-көрме жұмысы секторының қызметкерлері сөйлетті. Жексенбі күні Елбасы кітапханасын 350-ге жуық қала тұрғындары мен меймандары аралады. Олардың арасында С. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері де бар. Есімін ырымдап қойған Нұрсұлтан Ирғалиев келесі жылы әскери білім ошағынан қанат қағады. Ақтөбелік жас еліміздің әуе кеңістігін дамытып, білікті ұшқыш атануды аңсайды. Дайындықты бүгіннен шыңдап, спорттық қарым-қабілетін қамшылауға кіріскен.

0U3A1315

– Елбасы кітапханасында әрбір жәдігердің өзіндік айтары бар. Менің қызығушылығымды Елбасының спорттық киімдері мен заттары оятты. Мемлекет басшысымыз тұтас бір елді басқарып, салауатты өмір салтына баса мән береді. Оның тенниспен, гольфпен, тау шаңғысымен тұрақты түрде айналысуы тәнті етеді. Салауатты өмір салтының үлгісін Елбасымыз көрсетіп, елімізде спортты дамытуға жағдай жасап отыр. Артылған сенімді саңлақтарымыз талай байрақты бәйгелерде ақтап,  еліміздің әнұраны әлемдік ареналарда шырқалуда, - деп өзінің алған әсерімен «Жас ұлан» республикалық мектебінің 11 сынып оқушысы Нұрсұлтан Ирғалиев бөлісті.

Ал Артем Трофимов әкесінің жолын қуып, келешегін әскери саладағы заңгерлікпен сабақтастыруды жоспарлайды.

0U3A1304

– Елбасы кітапханасы рухани мұрасымен, ғимараттың бірегейлігімен тамсандырды. Халықаралық жарыстардың жеңімпаздары Елбасына сыйлаған тарту-таралғы бірден көзге түседі. Мен грепплинг деп аталатын күрес түрімен айналысамын. Спорт шыдамдылыққа, тапқырлыққа және мойымауға үйретеді. Шапшаңдықты қысқа қашықтыққа жүгіруде дәлелдеуге тырысамын, - дейді «Жас ұлан» республикалық мектебінің 11 сынып оқушысы Артем Трофимов.

Келушілердің назарына Елбасы кітапханасында ашылған 8 көрме паш етілді. Олардың әрқайсысы ширек ғасырдағы еліміздің жетістіктері мен табыстарының тарихи куәсіне айналған.