РЕСПУБЛИКАНСКАЯ НАУЧНО-ПРАКТИЧЕСКАЯ КОНФЕРЕНЦИЯ «ПРОФЕССИИ БУДУЩЕГО: К ЧЕМУ ГОТОВИТЬСЯ ПОКОЛЕНИЯМ Y, Z?»

2018 жылдың 27 сәуірінде сағат 10.00-де Елбасы кітапханасында «Болашақ мамандықтар: Y, Z ұрпақтары қандай бағытқа дайын болуы керек?» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді.

Жастардың өзекті мәселелері бойынша шетел сарапшыларының қатысуымен өтетін іс-шараны Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығымен және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасымен бірлесе ұйымдастырады.

Конференция жастардың өзекті мәселелерін талқылау, білім беру жүйесі, еңбек нарығының қазіргі жағдайын бағалау, жастарды жұмыспен қамтудың жаңа үлгілері мен жастардың рухани-адамгершілік идеалдарын болжап талдау, сонымен қатар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Бес әлеуметтік бастамалары» үндеуінің жастар арасында жүзеге асырылуын талқылау үшін пікірталас алаңы болмақ.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, дипломатиялық қызмет өкілдері, отандық және халықаралық сарапшы қоғамының, жастар ұйымдарының өкілдері, сонымен қатар жастармен жұмыс істейтін мамандардың қатысуы жоспарлануда.

Спикерлер және модераторлар ретінде жастар саясаты саласындағы шетелдік және отандық сарапшылар – Дмитрий Судаков, Maria Cristina Bacalso, Айгүл Қадырова, Саясат Нұрбек, Рақым Ошақбаев, Айдос Сарым, Данат Жумин, Данияр Қосназаров, Досым Сәтпаев және тағы басқалар сөз сөйлейді.

Конференция аясында «Жұмыспен қамтудың жаңа үлгілері және озық білім беру», «Футурология және болашақ мамандықтары», «Қазіргі заманғы білім: Y, Z ұрпақтарының рухани-адамгершілік идеалдары» атты үш секцияның жұмысы жоспарланған.

Конференцияның қорытындысы бойынша материалдар жинағы әзірленеді, жарияланған тақырыптар бойынша қарар мен ұсынымдар қабылданады.