Разговор на высоком уровне

20 қыркүйек күні сағат 9:30-да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Орталық Азиядағы аралас көші-қон ағымдарының мəселесін шешу: халықтың мобильділігі, босқындар мен осал мигранттардың құқықтары жəне аймақтық ынтымақтастық» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі кездесудің екінші күнінде тұшымды пікірлер мен толымды ойлар ортаға салынады.

Жиынға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, Алматы процесінің төрағасы Біржан Нұрымбетов, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Қуаныш Сұлтанов, Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің аймақтық директоры Аргентина Cзабадош, БҰҰ Орта Азия бойынша босқындарды қорғау жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының аймақтық өкілі және аймақтық үйлестірушісі  Ясуко Ода қатысады.

Алматы процесі - 2011 жылы Қазақстанның бастамасымен және Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның қатысуымен құрылған тұрақты диалогтық алаң. Оның алғашқы аймақтық форуынмда Алматы декларациясы қабылданды. Оған сәйкес қатысушы мемлекеттер Орталық Азиядағы және жалпы аймақтағы аралас көші-қон ағындарын және миграцияның күрделі қарқынына байланысты туындайтын мәселелерді бірлесе шешу қажеттігін мойындады.

Көші-қонның күрмеулі мәселелері секциялық отырыстарда кеңінен талқыға салынады. Оларға «Орталық Азиядағы адамдардың мобильдігі: көші-қон үрдістері және даму басымдықтары», «Босқындар мен пана іздейтін тұлғалардың құқықтары», «Орталық Азиядағы аралас көші-қон ағындарына әрекет ету аясындағы өңірлік ықпалдастық» тақырыптары арқау болады.

Кездесуге қатысушылар көші-қон үрдістерін, оны реттейтін ұлттық саясаттарды және өңірлік деңгейдегі шешімдерді өзгерту бойынша ұсыныстарды, КХҰ иммиграциялық және шекаралық бақылау және шекараларды гуманитарлық басқару бағытындағы тәжірибесін жан-жақты қарастырады. Жиын барысында ортақ мәселелерді шешудің жолдары пысықталып, озық тәжірибелер сарапталады.

Кездесуде КХҰ халықаралық сарапшылары және Орталық Азия елдеріндегі КХҰ сарапшылары әзірлеген баяндамаларын ортаға салады. Оның ішінде Алматы процесін бақылаушы елдер және оған қатысушы Ауғанстан, Әзербайжан, Қырғыз, Тәжікстан, Түрік, Иран, Пәкістан мемлекеттерінің өкілдері өздерінің ой-пікірлерін білдіреді.

Келелі жиын КХҰ «Орталық Азиядағы аралас көші-қонға әлеуетті нығайту арқылы әрекет ету» бағдарламасы аясында Орталық Азиядағы Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның (КХҰ) Субөңірлік үйлестіру кеңсесімен бірлесе ұйымдастырылған. Оған Қазақстан және Орталық Азия елдерінің орталық мемлекеттік мекемелері өкілдері және жетекші сарапшылары, халықаралық ұйымдар мен шетелдік елшіліктердің өкілдері, талдау құрылымдары мен ведомстволардың қызметкерлері, көші-қон мәселесін зерттеушілер қатысады.

Кездесу қорытындысы бойынша Алматы процесі бойынша алдағы қадамдар мен қолға алынатын жұмыс бағыттары белгіленеді.