ПРЕЗЕНТАЦИЯ КНИГИ «КАЗАХСКИЕ НАРОДНЫЕ ОБЫЧАИ»

2015 жылдың 14 мамырында сағат 17.00-де Елбасы кітапханасында суретші Ералы Оспанұлының «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабының таныстырылымы өтеді.

Кітап қазақ мәдениетінің жаңа көкжиектерін – салт-дәстүріміздің еленбей келген тұстарын ашып көрсетеді. Мәселен, күйеу жігіттің қалыңдық ауылына асау атпен келуінің, сәбиге тілашар тойын жасаудың, келіннің қайындарын есімдерімен емес, ерекше қосалқы есімдермен атауының себептерін түсіндіреді.

Аталған кітап туралы белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашев былай деді: «Өнері қазақтың тереңде жатқан тарихы мен бай мәдени мұрасынан бастау алатын суретші әрі жазушы Ералы Оспанұлының шығармаларының басты қасиеті – өткенді бүгінгі тілмен сөйлете білуінде. Осы кітап – соның тағы бір айғағы. Автордың бұл шығармасының елге тигізер пайдасы тіпті өлшеусіз, әсіресе халқымыздың дәстүрлі мәдениетінен түрлі себептермен ажырап қалған қандастарымыз үшін таптырмас дүние».

Суретшінің ұлттық дәстүрге деген қызығушылығы сәбидің тұсаукесерін өткізу секілді салттарды тамашалап көргеннен кейін оянған көрінеді. Жаңа альбомды құрастыру идеясы автор ойына шетелдік достарына қазақтың салт-дәстүрі туралы әңгімелеуден кейін келіпті. Оларды, әсіресе, «Қыз қуу» ойыны қызықтырған екен.

2009 жылдың желтоқсанында Астанадағы Тұңғыш Президент музейінде суретші Ералы Оспанұлының графикалық суреттерінің көрмесі өтті. Сондай-ақ оның «Қазақ халқының салт-дәстүрлері. Балалық шақ және үйлену» атты алғашқы альбомының тұсаукесері өтті. Басылымға графикалық дүниелермен қатар салт-дәстүрлердің қысқаша сипаттамасы енгізілді.

«Қазақ халқының салт-дәстүрлері» деп аталған бұл жолғы кітап айтарлықтай толықтырылған. Оған көшпенділердің күнделікті өміріндегі түрлі әдет-ғұрыптар енгізілген. Жаңа кітапта 90 сурет бар. Мұқабасында Ералы Оспанұлының «Бесік жыры» суреті берілген. Бұл туынды 2012 жылы «Кристис» аукционы кезінде еуропалық өнерсүйерлердің ерекше қызығушылығын тудырған.

«Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабының жарық көруіне ORDA INVEST инвестициялық-құрылыс корпорациясы қолдау көрсеткен.

Тұсаукесер шарасына мемлекет қайраткерлері, дипломатиялық қызмет өкілдері, руханият қайраткерлері шақырылған.

 

Ералы Оспанұлы 1960 жылы Шымкент қаласында туған.

Көне гравюралар мен фотосуреттер негізінде жасалған графикалық туындылардың авторы. Оның еңбектері Қазақстанмен қатар шет елдерде де мойындалған. Е.Оспанұлының графикалары «Сотбис», «Кристис» әлемдік аукцион үйлерінде бірнеше рет қойылған.

 

Аккредитация үшін: 8 7172 69-30-36, 8 777 9402313,

е-mail: presidentlibrary.pr.kz@gmail.com